BIRLIK ансамблі – Осака төрінде

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының BIRLIK ансамблі Жапонияның Осака қаласында өтіп жатқан EXPO 2025 халықаралық көрмесінде өнер көрсетті.
Осыдан жүз жыл бұрын, 1925 жылы Парижде өткен EXPO көрмесінде Әміре Қашаубаев қазақ өнерін алғаш рет әлемге таныстырған еді. Сол тарихи жолды бүгінде BIRLIK ансамблі жалғап, Қазақстанның ұлттық мәдениетін паш етті.
Ансамбль Қазақстанның Ұлттық күніне арналған салтанатты ашылу рәсімі мен гала-концертте сахнаға шығып, «Күй шашу», «Аққу», «Салкүрең» сынды дәстүрлі билерді орындады. Концерттік бағдарламалары Осакадағы Ray Garden сахнасында және Swissotel Nankai Osaka қонақ үйінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
EXPO 2025 аясындағы бұл шараға 158 ел мен 9 халықаралық ұйым қатысты.
BIRLIK ансамблі – 2024 жылғы 1 наурызда, Алғыс айту күніне орай, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен құрылған. Бұл – Қазақстан мен ТМД елдері тарихында тұңғыш рет көпэтносты ән мен би ансамблі болып саналады. Ұжым репертуарында қазақ халқының тарихымен және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуымен сабақтас 130 этностың музыкалық және би мұрасы бар.