Щучинскіде сержанттар сапқа қосылды

Патриот жаршысы
148

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

Щучинск қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Қорғаныс министрлігінің әскери колледжінде сержанттарды оқыту курсының жиырма жетінші түлектері сапқа қосылды.

70 жас курсантқа салтанатты жағдайда диплом табысталып, кәсіби әскерилер қатарына қабылданды. Салтанатты рәсім Абылай хан алаңындағы сәулет-мемориалдық кешенде өтті. Шараға Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы, әскери колледж басшылығы, ардагерлер, жергілікті билік өкілдері мен түлектердің туыстары қатысты. Дәстүрге сай, оқуды үздік аяқтаған үш түлекке ерекше үлгідегі диплом табыс етілді.

Әскери колледжде кәсіби сержанттар шамамен екі жыл бойы «әскери істе төменгі буын менеджменті» мамандығы бойынша білім алады. Олар «мотожауынгерлік бөлімшелерді басқару», «жаяу әскер жауынгерлік машинасының механик-жүргізушісі» және «В1, С1 санатындағы жүргізуші» біліктіліктерін меңгеріп шығады.

Білімін тәмамдаған түлектер әскери техниканы басқаруға, қарумен жұмыс істеуге, сондай-ақ жас сарбаздарды үйретуге дайын. Олар енді Құрлық әскерлеріне, Әскери-теңіз күштеріне, арнайы барлау бөлімшелері мен ҰҚК Шекара қызметіне жол тартады.

Рәсім түлектердің салтанатты шеруімен және Жауынгерлік туымен қоштасу дәстүрімен қорытындыланды.

Малика Рүстем
тілші