«Наз» би театры – ұлттық би өнерінің символы

Астана қаласының әкімдігі
21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай, елорданың шығармашылық кеңістігінде айрықша орны бар ұжымдардың бірі – Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры.
Театр 1999 жылы кәсіби хореографтар Еркебұлан және Қадиша Ағымбаевтардың бастамасымен құрылған. Жас хореограф Еркебұлан Ағымбаев студент кезінен-ақ ұлттық би ансамблін құруды армандап, осы жолда үлкен еңбек сіңірген.
«Наз» атауы – нәзіктік пен сұлулықты білдіреді. Театрдың алғашқы қойылымдарының бірі – Жұбаниязовтың музыкасына қойылған «Серпін» биі. Қойылым отбасылық шеберханада жасалғандай – ерлер және әйелдер партиясы жеке дайындалып, кейін сахнада тоғысты.
Бүгінде театр құрамында 130 қызметкер, оның ішінде 65 биші бар. Ұжымда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері мен «Мәдениет үздігі» марапатының иегерлері еңбек етуде.
Театрдың басты мақсаты – қазақ халық биін дамыту, ұлттық фольклорды дәріптеу және қазақ өнерін халықаралық сахнада таныту. Осы уақытқа дейін ұжым Еуропа мен Азия елдеріндегі ірі фестивальдерге қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр.
«Наз» театры – заманауи сахнада ұлттық би өнерінің шынайы келбетін танытып жүрген шығармашылық ұжым.