Стритфишинг: спорт пен тазалық қатар жүр

Патриот жаршысы
110

Астана қаласының әкімдігі

Астанада алғаш рет ұйымдастырылған стритфишингтен ашық чемпионат тек спорттық бәсекемен емес, тазалыққа деген жауапкершілікпен де есте қалды. Есіл өзенінің бойындағы бұрынғы газ аппаратура зауыты аумағында өткен жарысқа 23 командадан 46 спортшы қатысты.

Чемпионаттың ерекшелігі – балық аулаудан кейін қатысушылар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қолдау білдіріп, жарыс өткен аумақты түгел тазалап шықты. Олар өзен жағасындағы қалдықтарды арнайы пакеттерге салып, белгіленген орындарға жеткізді.

Жарыс халықаралық ережелерге сәйкес өтті. Қатысушылар 16 сантиметрден бастап алабұға, 25 сантиметрден көксерке және 30 сантиметрден бастап шортан ұстады. Әр балық өлшеніп, суретке түсіріліп, қайта суға жіберілді. Бұл – спорттық балық аулаудың негізгі қағидаларының бірі.

Турнир екі турдан тұрды, әрқайсысының ұзақтығы – үш сағат. Әр командаға жеке төреші бекітіліп, әділ бағалау қамтамасыз етілді. Жеңімпаздар марапатталып, үздіктер алдағы Қазақстан чемпионатына жолдама алды. Егер нормативтер орындалса, спорт шеберлігіне кандидат болуға да мүмкіндік бар.

Чемпионатты Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырып, балық шаруашылығы инспекциясымен тығыз байланыста жұмыс жүргізді. Бұл – елімізде стритфишинг бағыты бойынша өткен алғашқы ресми жарыс, әрі жаңа спорт түрін танымал етуге үлкен үлес қосты.

Малика Рүстем
тілші