Әлем сахнасына жол ашқан қазақ қызы

Патриот жаршысы
112

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі

Отандық опера өнерінің жарық жұлдызы Әйгерім Алтынбек әлемге әйгілі «Ла Скала» театры академиясының тағылымдамасына қабылданды. Бұл – классикалық музыка мен опера саласындағы ең беделді оқу орындарының бірі.

Аталған тағылымдамаға жолдама алу үшін бейнежазба арқылы өткен алдын ала іріктеуге 400-ден астам үміткер қатысқан. Солардың ішінен бар болғаны 12 үздік өнерпаз таңдалып, олардың қатарынан Қазақстанның атынан Әйгерім Алтынбек лайық деп танылды.

Айта кетейік, Әйгерім – халықаралық деңгейдегі бірнеше вокалдық байқаулардың жүлдегері. Ол композитор Джакомо Пуччинидің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық байқауда жеңімпаз атанса, Италияның Модена қаласында өткен Николай Гяуров атындағы додада жүлделі үшінші орынды иеленді. Сонымен қатар әйгілі Мирелла Френидің арнайы сыйлығына ие болды.

Рената Тебальди атындағы халықаралық вокал конкурсына әлемнің 470 әншісі қатысқан болатын. Осы үлкен додада Әйгерім екінші орыннан көрініп, Қазақстанның өнерін паш етті.

Жуырда, 25 маусымда әлемге танымал тенор Хосе Каррерастың концертінде өнер көрсетпек. Сондай-ақ 27–28 маусым күндері Италияның Неаполь қаласында өтетін Андреа Бочеллидің мерейтойлық кешінде аты аңызға айналған әншімен бірге сахнаға шығу құрметіне ие болады.

Бұл – бір ғана таланттың емес, мемлекет тарапынан жас таланттарды қолдау бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Малика Рүстем
тілші