«EcoQala Fest»

Алматы қаласының әкімдігі
Алматыда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ерекше форматтағы экофестиваль – «EcoQala Fest» жалғасуда. Қала Жастар саясаты басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған шара экологиялық керуен түрінде өтіп жатыр. Безендірілген көлік түрлі тұрғын үй аулаларын аралап, қала тұрғындарын сенбілікке шақырып, эковикториналар мен көңілді флешмобтар ұйымдастыруда.
Фестивальдің кезекті кезеңі Медеу ауданында өтті. Бұған дейін шара Наурызбай, Алатау, Алмалы және Әуезов аудандарында жүзеге асқан. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль барлық аудандарды қамтып, халықтың экологиялық сауатын арттыруға бағытталған.
– Біз креативті форматтар арқылы жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, оларды пайдалы бастамаларға белсенді араласуға шақырамыз, – дейді Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.
Іс-шараға белсенді жастар, волонтерлер, эко рейнджерлер және түрлі комьюнити орталықтарының өкілдері қатысты. Олар қаланың тазалығына үлес қосып қана қоймай, өзгелерге де үлгі көрсетуде.
– «EcoQala Fest» – бұл жай сенбілік емес. Бұл – қоғамның табиғатқа деген қарым-қатынасын өзгертуге арналған бастама. Адамдар викторинаға қызығып қатысып, фестивальден жағымды әсермен кетеді. Бұл – біз дұрыс жолда келе жатқанымыздың дәлелі, – дейді волонтер Шашубай Мәди.
Айта кетейік, фестиваль жыл бойы Алматының әр ауданында тұрақты түрде өткізіледі. Ұйымдастырушылар экосананы арттыруда мұндай жобалар айтарлықтай әсер етеді деп сенеді.