Ел ағалары ақ батасын берді

Елімізге танымал этнограф-ғалым Бекен Қайратұлы, халық қаһараманы Тоқтар Әубәкіров 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын ұлттық құрама мүшелерімен кездесу өткізді. Кездесуге белді қоғам қайраткерлерімен қатар Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов және «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» директоры Бақдәулет Сәбитов те қатысты.
Іс-шара барысында белгілі тұлғалар ұлттық құрамаға рухани қолдау көрсетіп, олардың 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарында еліміздің намысын абыроймен қорғауына тілектес болып, ұлттық құрамаға сәттілік тілеп, арнайы батасын берді.
Тоқтар Әубәкіров, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, халық қаһарманы:
Ұлттық құраманың әрбір мүшесі қазақтың дәстүрлі спорт түрлерін дәріптеп, халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізуге өз септігін тигізіп отыр. Біздің ата-бабаларымыздан мұра болып қалған бай мәдениетіміз бен ұлттық спорт түрлерімізді дәріптеу - әрбіріміз үшін үлкен мәртебе. Осы жолда сіздерге тек қана жеңіс тілеймін. Сіздердің әрбір жетістіктеріңіз - ұлтымыздың мерейі. Алдағы ойындарда сәттілік серік болып, биік белестерді бағындырасыздар деп сенемін, – деді.
Этнограф-ғалым Бекен Қайратұлы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын қазақстандық спортшыларға сәттілік тілеп, батасын берді. Ол спортшыларды қазақ халқының рухани мұрасын әлемге танытып, еліміздің намысын қорғауға жігерлендірді.
Ұлттық құндылықтарымызды, ата-бабамыздан мирас болып қалған дәстүрлерімізді сақтап, оларды әлемдік деңгейде таныту - сіздерге артылған үлкен жауапкершілік. Әрбір жеңіс арқылы халқымыздың рухы биіктей түседі. Сіздерге күш-қуат, табандылық және жеңіс тілеймін! Қазақтың ұлттық спорт түрлерін ұлықтау жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын,- деді ғалым.
Этнограф-ғалым өз сөзінде спортшылардың ұлттық құрамадағы рөлін ерекше атап өтіп, олардың рухани мұраны сақтау мен насихаттаудағы үлесі орасан зор екенін айтты. Сонымен қатар, ғалым ұлттық спортты дамытудың ел болашағы үшін маңыздылығын да тілге тиек етті.