Ұлы дала астығы – 2025

Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі
2025 жылғы 4 тамызда Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданына қарасты Меңгесер ауылында «Мамбетов және К» өндірістік базасында дәстүрлі «Ұлы дала астығы - 2025» атты Дала күні (егіс күні) ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шара күзгі жиын-терім науқанына дайындықты пысықтауға арналды.
Егіс күніне ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, аудан әкімдері, ғылыми мекемелердің өкілдері, аграрлық кеңес мүшелері, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары мен Ресей Федерациясынан келген әріптестер қатысты.
Биыл өңір диқандары 4,3 миллион гектар егіс алқабын жинауға кіріспек. Оның ішінде 3 миллион гектар – дәнді дақылдар, ал 1 миллион гектарға жуық - майлы дақылдар. Ауа райы қолайлы болса, өнім мол болады деген үміт бар. Бұл – соңғы жылдары атқарылған кешенді дайындық жұмыстарының жемісі. Атап айтқанда: егіс алқаптарын әртараптандыру, әлеуметтік маңызы бар дақылдардың көлемін ұлғайту, 340 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және сапалы тұқым қорын қалыптастыру.
Аймақтағы элеваторлар жаңа өнімді қабылдауға толық дайын екені де айтылды.
Іс-шара барысында қатысушылар заманауи техника үлгілерімен, тәжірибелік алқаптарда егілген түрлі сұрыптармен және селекциялық жаңалықтармен танысты. Сондай-ақ тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын ұсынатын компаниялардың өнімдері көрсетілді. Ерекше назар агротехнологиялар мен өнім жоғалтуды азайтуға бағытталған нақты шешімдерге аударылды.
«Ұлы дала астығы – 2025» іс-шарасы Солтүстік Қазақстанның елдегі аграрлық саладағы жетекші рөлін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл – тәжірибе алмасуға, инновацияларды енгізуге, ресейлік әріптестермен ынтымақтастықты арттыруға және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға жол ашатын маңызды алаң, - деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.