Ар мен рухтың символы: «Ар адамы. Бауыржан» драмасының премьерасы Астанада өтеді

Биыл Қазақстан халқы екі елеулі тарихи датаны қатар қарсы алып отыр: Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы және даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл. Осы атаулы күндерге орай Астана қаласындағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры 9-10 мамыр күндері «Ар адамы. Бауыржан» атты деректі драманы көрерменге ұсынады.
Бұл қойылым – тек сахналық туынды емес, ел жадындағы тарихи ерліктің, ұлттың рухани биіктігі мен ұрпаққа үлгі боларлық тұлғалық қасиеттің көркем шежіресі. «Ар адамы. Бауыржан» драмасы – отансүйгіштік пен намыстың, адамгершілік пен әділеттің символына айналған Бауыржан Момышұлының бейнесі арқылы тұтас ұлттың рухын танытатын туынды.
Қойылымның премьерасы 9 мамыр күні сағат 18:00-де басталады. Ал бұған дейін, сағат 16:00-де бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы өтеді.
Қойылымда Екінші дүниежүзілік соғыстың ең ауыр кезеңдері бейнеленеді. Мәскеу түбіндегі шешуші шайқастар, Волоколамск тас жолындағы қан майдан, Панфилов дивизиясының «Гвардия» атағын алуы – бәрі де көрерменді сол сұрапыл кезеңге жетелейді. Бұл көріністерде тек оқ пен от қана емес, соғыс кезіндегі жауынгерлердің рухы, достық пен ар-ұят, адалдық пен отансүйгіштік те қатар суреттеледі.
Бауыржан Момышұлының командирлік шешімдері мен философиялық тұжырымдары, ұлт тағдырына деген алаңдаушылығы, адамгершілік қағидалары драманың өзегіне айналған. Бұл – көркем шығарма мен тарихи деректің үйлесімді тоғысы.