Астанада жаңа әскери емхана ашылды

Патриот жаршысы
165

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

Астанада әскери қызметшілер мен олардың жақындары үшін маңызды нысан – жаңа әскери емхана өз есігін айқара ашты. Медициналық мекеменің ашылу салтанатына Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов қатысты.

Жаңадан орналасқан емхана бір күнде шамамен 300 адамды қабылдауға қауқарлы. Ол Қарулы күштердің әскери қызметшілеріне, курсанттар мен кадеттерге, олардың отбасы мүшелері мен ардагерлерге медициналық көмек көрсетпек.

Салтанатты іс-шараға Қорғаныс министрлігінің, Тыл бастығы басқармасының басшылығы, Бас әскери клиникалық госпиталь мен оның филиалының ұжымы және Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.

Қорғаныс министрі өз сөзінде емхананың жаңа ғимараты әскери қызметшілер мен олардың жақындары үшін қолайлы жерде орналасқанын атап өтті. Министрдің айтуынша, нысанға күрделі жөндеу жасалып, қайта жоспарлау жұмыстары жүргізілген, сондай-ақ заманауи медициналық құралдармен жабдықталған.

– Бұл бөлімше әскери амбулаториялық қызмет көрсету жүйесінде алдыңғы қатарда. Енді сіздердің алдарыңызда – көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру міндеті тұр. Әскери дәрігерлердің кәсіби біліктілігі мен жанашырлығы – тек денсаулық кепілі ғана емес, сарбаздардың рухын да көтеретін күш. Сондықтан бұл сенімді ақтайды деп сенемін, – деді Дәурен Қосанов.

Салтанатты сәтте Қорғаныс министрі мен «Қарулы күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары, генерал-майор (отставкада) Марат Нағұманов лентаны қиып, емхананың ресми ашылғанын жариялады.

Шара соңында қатысушылар жаңа емхананың кабинеттерін аралап, алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған қазіргі заманғы талаптарға сай жабдықтармен танысты.

Малика Рүстем
тілші