Тұңғыш қазақ мультипикаторының туғанына 101 жыл

Патриот жаршысы
208

Фото мұрағаттан

Бүгін «Қазақ мультфильмінің атасы» атанған белгілі режиссер-мультипликатор, суретші, сценарист, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері  Әмен Қайдаровтың туғанына 101 жыл толды. 

Әмен Қайдаров 1946-1950 жылдары Қазақ мемлекеттік театр-көркемсурет училищесінде оқып, 1965 жылы Мәскеу Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтында профессор И.Иванов-Вано шеберханасында білім алды. 1966 жылы Сценаристер мен режиссерлардың жоғарғы курстарын тәмәмдады. Олардан бөлек, «Ара», «Қазақстан әйелдері» журналдарында танымал график, плакатшы және карикатурашы болып та қызмет атқарды. Осылайша, жылдар бойы жинаған тәжірбиесінің арқасыда Әмен Қайдаров қазақ киносына жаңа жанр енгізіп, қазақ мультипикациясының негізін қалады.

Ұлттық анимация өнерінің іргетасын қалаушы Әмен Қайдаровтың көпшілікке тіпті, әлемге танымал – «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» (1967), «Ақсақ құлан» (1968), «Құйыршық» (1969), «Қожанасыр – құрылысшы»(1970), «Күн сәулесінен пайда болған көжек»(1975), «Қырық өтірік» (1978) секілді тарихи туындылары қазақ мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.   «Қазақфильм» киностудиясында ұлы режиссердың жетекшілігімен керемет 47 фильм жарық көрген.

           1967 жылы Әмен Қайдаровтың салған суреттері негізінде алғаш рет халық ертегісі бойынша түрлі түсті «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген атпен мультипикациялық туынды жасалды. Отандық мультфильм әлемнің 48 елінде танымалдыққа ие болып, Ленинградта өткен Үшінші Бүкілодақтық және 1975 жылы Нью-Йорктегі Халықаралық мультфильмдер кинофестивалінде «Қола праксиноскоп» сыйлығын жеңіп алды.

 Атақты режиссер саналы ғұмырында Қазақстан Кинематографистер одағының хатшысы, мультбірлестіктің көркемдік жетекшісі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтының анимация оқытушысы секілді қызметтерде табысты еңбек етті. Оған қоса көркем өнер иесі «Оқжетпес», «Жеке-батыр», «1949 жылы атом бомбасының жарылуы», «Соңғы секундтар», «Абай жерінде» картиналарын, сондай-ақ «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасы бойынша миниатюралар мен портреттер жасады.

Ұлт руханияты мен мәдениетіне елеулі үлес қосқан өнер қайраткері  «Құрмет белгісі», «Отан соғысы», «Парасат» ордендерімен марапатталып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстанның көрнекті өнер қайраткерлеріне арналған Президенттік стипендияның лауреаты, Қазақстанның Мәдениет және Ақпарат саласының үздігі атанды. 2002 жылы Тәуелсіз «Тарлан» жалпыұлттық сыйлығын, 2007 жылы «Экран Шебері» атағын жеңіп алды.

 Міне, артынан мәдени мол мұра, өшпес із қалдырған тұлғаның ғибратты жолы осындай. Бір алаңдатарлық жәйт– бүгінгі жас ұрпақ, балбөбек бүлдіршіндер осындай өміршең мульфильмдерді білмейді әрі оны көруі де екіталай. Бала тәрбиесінде көгілдір экранның да маңызы болғандықтан, баланың көретін мультфильмдерінің сапасына ерекше мән берген дұрыс. Өкінішке орай, қазір қазақ балаларын қызықтыратын қазақ мультфильмдері жоқтың қасы. Дегенмен, Әмен Қайдаровтың баулыған шәкірттері қазақ анимациясының жандануына атсалысып жатыр. Сөз соңында айтарымыз ұлттық сана-сезімді ояту үшін өскелең ұрпаққа осындай ұлы тұлғалар өмірі мен шығармашылығы кең түрде насихатталуы қажет. Жоғарыда аталған алғашқы қазақ мультфильмдері арналарымыздан жиі көрсетілсе екен деген тілегеміз бар. Себебі, шоқтығы биік қазақ мульфильмдерінің  марғасқасы атанған, туғанына 101 жыл толған Әмен Қайдаровтың әрбір туындысы қазақ өнерінің жауһары болып мәңгі қалары сөзсіз.

Дариға Нысанқұл