Қазақ мергендері Азия чемпионатында 9 медаль олжалады

Патриот жаршысы
90

Туризм және спорт министрлігі

Шымкентте 16–30 тамыз аралығында өтіп жатқан XVI Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы нысана көздеуден жарқын нәтиже көрсетті. Ұлттық құрама қоржынына 9 жүлде түсті: 2 алтын, 1 күміс және 6 қола.

Алғашқы алтынды алматылық Ислам Сатпаев еншіледі. Ол 10 метрлік пневматикалық винтовка жаттығуында қытайлық және кореялық қарсыластарынан озып, Азия чемпионы атанды. Екінші алтынды да Алматыдан шыққан жас мерген Артём Седельников алып, жасөспірімдер арасындағы «скит» жарысында Үндістан спортшыларын артта қалдырды.

Әйелдер арасындағы «скит» жаттығуында Анастасия Молчанова қола жүлде иеленді, ал командалық есепте Ольга Хайлова, Адель Садақбаева және Анастасия Молчанова күміс медальға қол жеткізді.

Жасөспірімдер мен жастар құрамалары да қоржынды толықтырды. ПП-3 жаттығуында Кирилл Федькин, Рамазан Ынтықбай және Кирилл Цуканов бастаған жасөспірімдер командасы қола алды. Сол жарыстың қыздар арасында да Сәуле Әлімбек, Кристина Устинова және Асылым Жақия үштігі қола жүлдегер болды. Жастар құрамасы (Кира Владимирова, Алиса Краденова, Софья Жукова) да дәл осы жаттығуда үшінші орыннан көрінді.

ПП-микс сайысында жасөспірімдер жұбы Кирилл Федькин мен Сәуле Әлімбек тағы бір қола медаль салды. Даниил Смирнов пен Алиса Краденова дуэті де дәл осы санатта үшінші орынды иеленді.

Айта кетерлігі, бұл чемпионатқа 27 елден 800-ден астам спортшы қатысып, 700-ден астам медаль сарапқа салынып жатыр. Жарысты Қазақстан нысана көздеу федерациясы ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Редакция
Patriot Portaly