АҚШ-ТАҒЫ «BEST WARRIOR» БАЙҚАУЫНДА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СЕРЖАНТТАР ҮЗДІК АТАНДЫ

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі
Астана халықаралық әуежайында ерекше құрметпен қарсы алған қазақстандық әскери қызметшілер – 54835-А әскери бөлімінің 3-сынып сержанты Аслан Дархан және 18404 әскери бөлімінің парашют-десанттық ротасының гвардия сержанты, 2-сынып сержанты Рауан Тоқтарбеков – жақында АҚШ-та өткен халықаралық «Best Warrior» байқауынан оралды.
Жыл сайын Аризона штатының Ұлттық гвардиясы ұйымдастыратын бұл байқау сержанттар арасындағы үздік жауынгерлерді анықтауға бағытталған. Биыл жарыс Навахо әскери базасында өтті. Байқауға АҚШ-тың жеті штатынан бөлек, Фиджи, Гуам, Тонга және Филиппин елдерінің әскери қызметшілері қатысты.
Жарыс бағдарламасы өте күрделі әрі жан-жақты болды. Қатысушылар армиялық жауынгерлік фитнес-тест, жауынгерлік дайындық пәндерінен нормативтер, топтық тактикалық тапсырмалар, жергілікті жерді бағдарлау, патрульдік әрекеттер, тактикалық медицина, М-240В пулеметінен, М-4 автоматы мен М-17 тапаншасынан оқ ату, сондай-ақ 12 килограммдық жүкпен 28 шақырымдық марш-бросок сынды сынақтардан өтті.
Қазақстандық сарбаздар бұл жарыста жоғары кәсіби шеберлік пен мықты физикалық дайындықтарын көрсетіп, үш негізгі кезеңде үздік нәтижеге қол жеткізді. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі Бас штабының сержанттармен жұмыс жөніндегі басқармасының аға нұсқаушысы, штаб-сержант Беглан Бейсалиев атап өтті:
– Қатысушылар америкалық армияның қаруы мен техникасын қолдана отырып жарысты. Соған қарамастан, біздің сарбаздар өздерінің қайсарлығын, шыдамдылығын дәлелдеп, бірнеше кезеңде бірінші орынға шықты, – деді ол.
Сержант Аслан Дархан 800 метрге жүгіру кезеңінде ерекше нәтиже көрсетіп, бұл қашықтықты 2 минут 5 секундта жүгіріп өтіп, байқау тарихындағы рекордты жаңартты. Ал 28 шақырымдық марш-бросок кезеңінде қазақстандық жауынгерлер 3 сағат 39 минутта межеге жетіп, үздік нәтиже көрсетті. Олар мәреге Қазақстанның Туын желбірете келіп, өзгелерге үлгі боларлық ерлік танытты. Бұл көрініс жарыс ұйымдастырушылары мен шетелдік қатысушылардың ыстық ықыласын тудырды.
Гвардия сержанты Рауан Тоқтарбеков болса, атыс дайындығы кезеңінде өз шеберлігін дәлелдеп, АҚШ армиясының қару үлгілерімен тамаша нәтижелер көрсетіп, «Үздік мерген» сертификатына ие болды
Бұл – тек қазақстандық әскердің емес, тұтас елдің абыройын асқақтатқан үлкен жетістік. Сержанттарымыздың бұл табысы болашақ жас сарбаздарға үлгі болып, әскери қызметтің қадір-қасиетін арттыра түседі.