«Қазақконцерт» маусымды Гала-кешпен қорытындылады

Патриот жаршысы
128

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанадағы Амфитеатрда 29 маусым күні өткен ерекше Гала-концертпен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық ұйымы өзінің 64-ші маусымын салтанатты түрде аяқтады. Концерттік кеш «GRAND FEST» музыкалық фестивалі аясында ұйымдастырылып, ашық аспан астында өткен өнер мерекесіне айналды.

Кеш шымылдығын қазақ сахнасының жарық жұлдыздары мен өнерге енді қадам басқан жас таланттар бірге түрді. Танымал композициялар, заманауи аранжировка, симфониялық оркестр сүйемелі – барлығы көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Кеш барысында Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова, еңбек сіңірген әртіс Нұрлан Өнербаев, «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі, «Astana Musical» театры, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі және басқа да ұжымдар өнер көрсетті.

64-ші маусым шеңберінде «Қазақконцерт» 82 концерт, 3 ірі жоба мен көптеген мемлекеттік деңгейдегі мәдени іс-шараларды өткізді. Олардың қатарында «Роза Бағланова» халықаралық вокал байқауы, «Серпер» ұлттық өнер додасы және Шәмші Қалдаяқов әндеріне арналған «Менің Қазақстаным» халықаралық фестивалі бар.

Сонымен бірге ұжым өнерін әлем жұртшылығына таныту мақсатында 22 елге гастрольдік сапармен барып, ұлттық мәдениетімізді кеңінен насихаттады. Ұжым мүшелері Америка, Ресей, Грузияда өткен байқауларда жеңіс тұғырынан көрінді, сондай-ақ көптеген мемлекеттік марапаттарға ие болды.

Бұл – ел мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып жүрген шығармашылық ұжымның жыл бойғы еңбегінің жарқын нәтижесі еді. Гала-кеш – өнер мен руханияттың, дәстүр мен жаңашылдықтың жарасымды тоғысқан сәті болды.

Малика Рүстем
тілші