Автобус жүргізушісіне "Шапағат" төсбелгісі берілді

Патриот жаршысы
26

Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматыда мүгедектігі бар адамға көмектескен автобус жүргізушісі Қанат Ахметовті президент "Шапағат" медалімен марапаттады. Тоқаев оған қоғамдық белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігі үшін алғыс айтты. Ал автобус жүргізушісі президентке көңіл бөліп, қолдау көрсеткені үшін жылы лебізін білдірді.

Мемлекеттік награданы Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин табыстаған. Ол Қанат Ахметов президент 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялаған кейінгі жұмысшы мамандардың алғашқы өкілі екенін атап өтті.

Қанат Ахметовтің айтуынша, мемлекеттік наградаға ие болу үлкен құрмет әрі зор жауапкершілік. "Бұл қоғам игілігі үшін адал еңбек етуге, әріптестерім мен жақындарыма үлгі болуға ынталандырады. Қарапайым еңбек адамдарына президенттің назар аударып, елдің дамуына қосқан үлесін мойындағаны қуантады", - деді Қанат Ахметов.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін №66 қалалық маршрут автобусының жүргізушісі Қанат Ахметов арбадағы мүгедек жолаушыға назар аударып, көмек көрсеткені үшін көптің ықыласына бөленді. Кейін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың атынан алғыс хат пен сыйлық табысталды. 

Ол төрт баланың әкесі. "Алматыэлектротранс" мекемесінде бір жылға жуық автобус жүргізушісі болып жұмыс істейді екен. 

Редакция
Patriot Portaly