Шымкентте тазалыққа үн қосқан жұрт

Патриот жаршысы
46

Шымкент қаласының әкімдігі

Бүгін Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті. Қала тұрғындары тазалық пен қоршаған ортаға қамқорлық танытып, бес ауданның барлығында бір мезетте ұйымдастырылған тазалық жұмыстарына белсене қатысты.

Сенбілік барысында көпқабатты үйлердің аулалары, жаяу жүргіншілер жолы, арықтар мен жол жиегі тазартылады. Қураған шөптер шабылып, ағаштарға санитарлық қырқу жасалды. Шараға ардагерлер, еріктілер, коммуналдық қызмет өкілдері мен қала тұрғындары жұмыла кірісті.

Қала тұрғыны, ардагер Нұржан Есенқұлов бұл бастаманың тәрбиелік мәніне тоқталды:

- Табиғатты аялау - ата-бабадан келе жатқан аманат. Осындай игі шараларға қатысу арқылы біз жастарға өнеге көрсетеміз. Қаламыз таза болса - көңіл де таза болады, - дейді ол.

Акцияға атсалысқан жастардың бірі Дана Ерханова бұл тек тазалық емес, үлкен мәдениет екенін айтты:

- Біз айналаны тазарта отырып, өз ортақ үйіміз – қаламызды жайлы етуге үлес қосып жатырмыз. Табиғатқа жанашырлық – бұл адамның ішкі мәдениетінің көрінісі, - деді ол.

Іс-шара аясында экология мен тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптау туралы түсіндіру жұмыстары да жүргізілді. Қатысушыларға табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөнінде мағлұмат берілді. Бұл – әсіресе жастар үшін маңызды тәжірибе.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар тек қоршаған ортаны жақсартумен шектелмейді, олар отансүйгіштік пен жауапкершілік сезімін де қалыптастырады. Қала әкімдігінің мәлімдеуінше, «Таза Қазақстан» бастамасы алдағы уақытта да жалғасады. Тазалық – әр азаматтың ортақ ісі.

Малика Рүстем
тілші