АПК Конференциясы алғаш рет Астанада

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі
11–14 тамыз аралығында елордада Азия Паралимпиадалық комитетінің (АПК) Конференциясы мен 8-Бас Ассамблеясы өтіп жатыр. Бұл ауқымды форум тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Шараға 45 елден 190-нан астам делегат жиналды.
Іс-шараны ҚР Туризм және спорт министрлігі, Азия Паралимпиадалық комитеті және Қазақстан Ұлттық паралимпиадалық комитеті бірлесіп өткізіп жатыр.
Салтанатты ашылуда ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мұндай деңгейдегі жиындарды Астанада өткізудің мәртебесі мен жауапкершілігін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының қолдауының арқасында Қазақстан инклюзивті спорттың аймақтық орталығына айналуға ұмтылып отыр.
Қазақстан Ұлттық паралимпиадалық комитеті 2002 жылдан бері 19 паралимпиадалық спорт түрін дамытып, жыл сайын 800-ден астам жарыс өткізеді. Сондай-ақ отандық спортшыларды 80-нен астам халықаралық турнирге қатысуға мүмкіндікпен қамтамасыз етеді.
Құрметті қонақтар қатарында АПК президенті Маджид Рашед, Халықаралық Паралимпиадалық комитеттің президенті Эндрю Парсонс және түрлі елдердің ұлттық паралимпиадалық комитет басшылары бар. Форумда басқару жүйесін жетілдіру, жастар мен әйелдердің пара спортқа қатысуын арттыру, спорттағы инновациялар және Азия Пара ойындарына дайындық мәселелері талқылануда. 13 тамызда Конгресс-орталықта Asian Awards марапаттау рәсімі өтіп, пара спортқа үлес қосқан спортшылар мен ұйымдар арнайы сыйлықтарға ие болады.
АПК Конференциясы мен Бас Ассамблеясының Астанада өтуі – Қазақстанның инклюзивті спорттағы жетістіктерін және жаһандық спорт қауымдастығындағы беделін айқындайтын маңызды оқиға.