EcoFuture: мектептегі экожоба

Астана қаласының әкімдігі
Астаналық №38 мектеп-лицейінің оқушылары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ерекше ғылыми жобаны жүзеге асырды. Жобаны физика пәні мұғалімі Гүлмира Пармонова жетекшілігімен 11-сынып оқушылары Алуа Болатова мен Сыпабек Ұлықбек дайындаған.
«EcoFuture: Жасыл болашақ моделі» деп аталатын бұл жобада оқушылар гидропоника жүйесін құрып, өсімдіктерді топырақсыз - арнайы қоректік ерітінді арқылы өсіру әдісін зерттеді. Бұл – бүгінде әлемде кең таралған, суды және ресурсты үнемдейтін ауыл шаруашылығының заманауи түрі.
- Қоршаған ортаны қорғау - болашақ алдындағы жауапкершілік. Экологиялық ойлау мен жасыл технологияларға қызығушылық мектеп қабырғасынан басталуы керек. Осы мақсатта біз бұл жобаны қолға алдық, - деді ұстаз Гүлмира Пармонова.
Жоба барысында оқушылар шағын гидропоникалық қондырғы жасап, оның жұмыс істеу принципін тәжірибе арқылы көрсетті. Мұндай әдіс арқылы өсімдіктер топырақсыз, минералға бай суда өседі. Бұл - суды 70-90% үнемдеуге, өнімділікті арттыруға, әрі зиянкестер мен химикаттарды азайтуға мүмкіндік береді.
- Гидропоника - экологиялық таза, инновациялық әдіс. Мұны балконда, сыныпта, тіпті ғимарат ішінде де қолдануға болады. Оқушылар биология, химия, экология, физика пәндерін байланыстыра отырып нақты тәжірибе жасай алады. Бұл – білім мен ғылымды ұштастыратын тірі зертхана, - деді ұстаз.
Айта кетейік, осы жоба былтыр Ө.Жолдасбеков атындағы XIV халықаралық математика және механика бойынша ғылыми жобалар байқауында жүлделі III орынды иеленген.