Қаллеки театры маусым шымылдығын Абаймен жапты

Патриот жаршысы
7

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі

2025 жылдың 9 маусымында Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театры өзінің XXXIV маусымын ресми түрде аяқтады. Дәстүрге сай шымылдық М. Әуезовтің мәңгілік туындысы - «Абай» спектаклімен жабылды.

Абай бейнесін Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Мейрамов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдап, көрермен жүрегінен тағы бір мәрте орын алды. Қойылымда барлығы 65 актер өнер көрсетті.

Аяқталған театр маусымы көрерменге мазмұнды премьераларға толы болды. Осы кезеңде 7 жаңа қойылым сахнаға жол тартты. Атап айтқанда:

  • «Фигароның үйленуі» (музыкалық комедия) - Жыл музыкалық қойылымы атанды

  • «Парасат майданы» (психологиялық драма)

  • «Жүрек сыры. Махаббатым сен...», «Күй», «Шеңбер», «Құмқала» және «Ертегі түннің әуені»

Бұдан бөлек, Г. Бюхнердің «Войцек» драмасы Павлодарда өткен республикалық театрлар фестивалінде Жүсіпбек Аймауытов атындағы арнайы жүлдеге ие болды. Ал «Қарагөз» трагедиясы Ақтаудағы «Әбіш Әлемі» халықаралық фестивалінде сәтті көрсетілді.

Актриса Лейло Бекназар «Бопай ханым» рөліндегі өнері үшін «Үздік әйел бейнесі» аталымын иеленді. «Қаллеки тынысы» спектакльдер шеруінде үздік актерлер марапатталды. Жаңа пьесалар мен жас авторларды қолдауға бағытталған «Оқылым» жобасы да сәтті жалғасты: 7 жаңа шығарманың оқылымы өтті. 

Театрдың Симфониялық оркестрі мен Халық аспаптар ансамблі музыкалық қойылымдарды сүйемелдеу арқылы репертуардың көркемдік деңгейін арттырды. Сонымен қатар, театр ұжымы Қарағанды, Көкшетау, Павлодар және Алматы қалаларында гастрольдік сапармен өнер көрсетті.

Жалпы, маусым бойы театр сахнасында 165 қойылым ұсынылып, оларды 42 112 көрермен тамашалаған. Бұл - театр мен көрермен арасындағы сенім мен сүйіспеншіліктің нақты көрсеткіші.

Малика Рүстем
тілші