Патриот болсаң таксиге мін

Патриот жаршысы
265

Жақында Ақтау қаласында патриотизмді насихаттауға бағытталған «Патриот бол» жобасы өз жұмысын бастады. Көк тумен безендірілген такси бірден халықтың назарын өзіне аударып, жолаушылардың ризашылығына бөленіп жүр. Бұл жөнінде Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының режиссеры, педагог, «Патриот бол» жобасының авторы Әлия Жангелдинқызымен сұқбаттасқан едік.

Елімізде бұған дейін көк тумызбен безендірілген, патриоттық бағыттағы көлікті кездестіргеніміз жоқ. Оның үстіне таксиды ер адам емес, сіздің жүргізуіңіз ерекше әсер қалдырды. Сізге бұл туралы ой қайдан келді?

– Бұл жобаны ұйымдастырар алдында,  «ұлтым» деп шарқ ұратын әрбір қазақтың ойындағы сұрақтар маған да маза бермеді. «Не себепті біздің Қазақстан Республикасының азаматтары қазақ тілінде сөйлемейді?», «Қазақ тілін неге насихаттамайды?», «Неге жастарымыз өзге тілде сөйлеуге бейім?», «Ұлттық құндылықтарымыз неліктен жеткілікті дәрежеде насихатталмайды?», «Неге ұлттық құндылықтарымыз ұмыт болып бара жатыр?», «Тарихи тұлғаларымызды білуіміз керек пе?» деген сұрақтар тізбегі мен ойлар мені толғандырды. «Қайтсем мен ұлтқа қызмет еткен арыстарымыздың атын, ұлттық маңызы бар тарихи жерлердің атауларын жаңғыртамын?» деп ойландым. Тәуелсіздігіміздің нышанына айналған, бейбіт аспанда желбіреп тұрған көк Тудың, Елтаңбаның қадірін, қасиетін сезініп, Алаш азаматтарын насихаттауды қолға алғым келді. Иә, бұл ісім теңізге қосқан тамшыдай болар, бірақ, мен еліме деген махаббатымды ісіммен дәлелдей алдым. Мінеки, осындай жалынды да айбарлы жүрекпен «Патриот бол» жобасын құзырлы органдарға жүйелі таныстырып, қолдау таптым. «Патриот такси» жобасы жүзеге асқанда Маңғыстау халқының тұрғындарының эмоциясы, қолдауы мені аса қуантты. Әсіресе, көшеде кетіп бара жатқан тұрғындардың қол бұлғап, «Жарайсың!» сыңайлы демеу сөздер айтуы, балалардың жаныма үйіріле кетіп, «Қазақстан көлігі ғой» деп қуанып, жылы-жылы сөздер айтып кетуі – маған шабытыма қанат бітірді. Адамға демеу болатын да – халықтың ыстық ықыласы ғой. 

«Патриот бол» жобасы қалай құрылды?

– Негізінен, «Патриот бол» жобасын ұйымдастыру осыдан 3 жыл бұрын ойыма келді. Үш жылға жетер-жетпес уақыт бұрын «Жастар» деген жекеменшік мекеме құрғанмын. Сол бойынша «Жастар театры» әлеуметтік жобасын ұтып алған едім. Қазір бұл жобаны үшінші жыл қатарынан жүзеге асырып келе жатырмын. «Патриот бол» жобасы  –  Маңғыстау облысының әкімдігі, соның ішінде, Маңғыстау облыстық ішкі басқарма саясатының тапсырысының негізінде жүзеге асып жатқан бағдарлама. Байқауға арнайы өтініш жіберіп, жобамды ұсынып, сол байқаудан мүдірмей өтіп, жеңімпаз атандым. Аталған жоба Қазақстан Республикасының 4 маусым – мемлекеттік рәміздер күніне орай іске асырылып жатыр. Менің негізгі мақсатым – мемлекеттік рәміздерді насихаттау арқылы ұлттық патриотизмді қалыптастыру. Сондай-ақ азаматтардың бойындағы Отанға деген сүйіспеншілік, адалдық сезімдерін арттыру сынды  мақсаты да бар.  Бұл жобаның аясына 4 міндетті енгіздім. Біріншіден, мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Ақтау қаласының көшелерін 60-тан аса Мемлекеттік тумен безендірдік. Екіншіден, екі қоғамдық көліктің сыртын көк тумен жамап, брендтедік. Үшіншіден, қазіргі технология дамыған заманда халқымыздың санасын жаңғыртатындай, тамыз айында, Ақтау қаласында патриоттық іс-шара ұйымдастырмақшымын. Төртіншіден, «Патриот такси» негізінде «Авто» телешоу бағдарламасы дүниеге келді. Бұл менің көптен күткен арманым болатын.

«Патриот такси» туралы тағы да толық айтып берсеңіз. Ерекше таксиге отырған жолаушылар не істеуі керек?

– «Патриот такси» кездейсоқ тап болған жолаушыны қалаған, діттеген жеріне тегін жеткізеді. Өзім «Патриот таксиге» мінген жолаушыға бірнеше интеллектуалды сұрақтар қоямын. Жолаушылар мемлекеттік рәміздер, тарихи тұлғалар қатысындағы патриоттық сұрақтарға жауап берсе, арнайы сыйлығымызды да табыстаймыз. Мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін Қазақстан Республикасының рәміздерінің: Елтаңба, Ту, Әнұранның авторлары, еліміздің айшықты тарихи оқиғалары, өнегелі өмірімен үлгі болған тұлғалардың мемлекетке қосқан үлесі, еліміздегі қасиетті, киелі мекендерге байланысты сұрақтар қойылады. Отандастарымыздың көбінің патриоттық сұрақтарға дайын еместігі, көп сұрақтарға жауап бере алмайтыны және сұрақтардың басым көпшілігінен хабарсыз екендігі қынжылтады. Десек те қуанарлық жағдай да жетерлік. Мектеп оқушылары, жастар, жасөспірімдер бұл жобаны шынайы қолдайды. Бағдарламаның екінші шығарылымында мектеп оқушылары «Патриот таксидің» жолаушылары атанған болатын. Олар сұрақтардың бәріне ыстық ықыласпен жауап беріп, өздерінің ақжарма тілегін жаудырған еді. Осылайша жастардың бойында патриоттық, рухтық сезім оятып, оларды өз жерінің тарихы мен мәдениетіне деген зор құрметті одан әрі дамытуға сеп боламыз. Бұл қысқа мерзімді жоба. Бірақ, алдағы уақытта тоқтатпай, жүргізуге тырысамын. Біз қазір Маңғыстау халқының көлемінде ғана жұмыс істеп жатырмыз ғой. Бірақ болашақта еліміздің барлық қаласында «Патриот таксидің» жүргенін қалаймын.

Жобаны әрі қарай дамыту жолында қандай  арманақсаттарыңыз бен жоспарларыңыз бар?

Әлеуметтік желілерде жобамыздың @patriotbol_mangystau атты Instagram, YouTube, Tik-Tok арналарымыз бар. Арманым – патриоттық жобаны Қазақстанның түкпір-түкпіріне жеткізу. Үміт үзбейміз. Жүзеге асырамыз. Қолдау көрсетілсе, қабыл аламыз. Бүгінде жоба аясында челленджтер ұйымдастырып, @patriotbol_mangystau атты YouTube арнамызды қолға алып, дамытып жатырмыз. Жобаның 2 шығарылымы әлеуметтік желіде жарық көрді. Үшінші шығарылымы 9 шілде күні жарияланбақ. Қаралым көп деп те айта алмаймын. Еліміздің бір кемшін тұсы: лепірме, айқай сөзге толы ток-шоуды көбірек көріп, сәйкесінше көп пікір жазып, ол бағдарламалардың рейтінгін көтеріп тастайды. Ал нағыз тұшымды ақпаратқа қаныққан, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын танымдық, мәдени, әдеби бағдарламаларды қарамайды. Өкінішке орай, «Патриотпын!» деп төс қағып жүргендердің көбінің сөзі мен ісі сай келмей жатады. Иә, қолдаймын деген азаматтар көп қой. Бірақ жоба Қазақстан Республикасының азаматтарына бағытталып арналғанына қарай, қазақ халқының рухы артса деген тілегіміз бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Дариға Нысанқұл