АТАКЕНТТЕ «ФАРАБИТАНУ» КӨПТОМДЫҒЫНЫҢ 20 ТОМДЫҒЫ ТҰҢҒЫШ РЕТ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Фото: Лағыл Намаз
Алматыдағы «Атакент» халықаралық кешенінде Халықаралық кітап жәрмеңкесі аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия кафедрасы мен «Дарын» баспасының ұйымдастыруымен фарабитануға арналған бірегей ғылыми жоба – «Фарабитану» көптомдығының 20 томы ресми түрде таныстырылды.
Көпшілік қатысқан салтанатты шарада көптомдықтың мазмұны, ғылыми бағыты, тарихи маңызы кеңінен түсіндірілді. Әбу Насыр әл-Фарабидің мол ғылыми мұрасын бірнеше ғасыр бойы зерттеген ғалымдардың еңбектерін жүйелеп, фарабитану мектебінің қалыптасуы мен даму кезеңдерін көрсететін бұл басылым – қазақ ғылымындағы ерекше академиялық еңбек ретінде бағаланды.
Кітаптың концепциясы, құрылымы мен ғылыми әдістемесі туралы шара барысында жобаның жетекшілері жан-жақты баяндама жасады. Көптомдық философия, тарих, мәдениеттану, шығыстану салаларында зерттеу жүргізетін жас ғалымдар үшін де, гуманитарлық ғылымға қызығатын оқырман үшін де құнды құрал болмақ.
Шараның ұйымдастырушыларының бірі, философия кафедрасының өкілі Досжан Балабекұлы кешті үйлестіруге белсенді атсалысып, көптомдықтың ғылыми маңызын таныстыруда ерекше рөл атқарды. Сондай-ақ ол іс-шара барысында тарихи сәттерді айшықтайтын фотосуреттер түсіріп, кештің мазмұндық әрі атмосфералық деңгейін толықтырды. Іс-шара жоғары деңгейде өтіп, қатысушылардың оң бағасын алды.
«Фарабитану» көптомдығы Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына ресми түрде оқулық ретінде ұсынылған. Баспаға ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің Ғылыми кеңесі де қолдау білдірген. Жобаның Бас редакторы – философия ғылымдарының докторы, ҚазҰУ профессоры, белгілі фарабитанушы Жақыпбек Алтайұлы Алтаев. Оның жетекшілігімен әзірленген бұл еңбек – ұлттық ғылымның жаңа белесі.