Трактор тізгіндеген Ана

Қарағанды облысының әкімдігі
Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты Майбас қыстағында тұратын Арайлым Байдашова – ер азаматтар айналысатын істі таңдап, көпке үлгі болып жүрген әйел. Үш баланың анасы, отыз жастағы Арайлым бес жылдан бері отбасының жеке шаруашылығында трактор жүргізіп, ауыр техниканы еркін меңгеріп жүр.
Жоғары білімін «есеп және аудит» мамандығы бойынша алған ол ауыл тіршілігін жанына жақын тартып, жұбайымен бірге мал өсіріп, шөп шауып, қымыз өндіріп отыр. Шаруаның нағыз қызған кезінде қол қусырып қарап отырмай, тракторға өзі отырып, жұмысқа белсене араласады.
Бастапқыда ескі техникамен жұмыс істеу оңай болмаған. Бірақ қиындықтан қаймықпаған Арайлым күйеуіне көмектесуді парызы санаған. Қазір ол – ауыр техникадан да, ерлермен тең дәрежеде еңбек етуден де жасқанбайтын жан.
-Шаруашылықты дамыту - екеуміз үшін ортақ мақсат. Трактор жүргізу де, мал бағу да - әйел мен еркекке бөлінбейтін іс. Бастысы - ниет пен табандылық, - дейді Арайлым.
Бір жыл бұрын отбасы жаңа трактор сатып алып, еңбек өнімділігін арттырған. Қазір олар «ҚазАгроҚаржы» арқылы тағы бір трактор алуға өтінім беріп отыр. Қолжетімді несие – ауылдағы кәсіпті әрі қарай дамытуға жол ашқан мүмкіндік.
-Мемлекеттің қолдауы, ауыл инфрақұрылымының жақсаруы, баспана және техникаға қолжетімділік - жастардың туған ауылында тұрақтап қалуына, жұмыс істеуіне үлкен сеп. Ауылда да болашақ бар екенін ұмытпау керек, - дейді Арайлым.
Арайлымның басты арманы - жастар мен қыз-келіншектерге үлгі болып, ауыл тіршілігінен қорықпауға шабыт беру. Оның айтуынша, қыздар да техниканы меңгеріп, үлкен іске білек сыбана кірісуге әбден лайық.
-Қыздарға айтарым - техникадан қорықпаңдар! Ауыл - тек еңбек емес, мүмкіндік мекені. Барлығы - тек өз қолымызда, - дейді Арайлым Байдашова.