Тайландта ел намысын қорғады

Тайланд еліннің Си-Рача қаласында грек-рим күресінен 20-21 шілде аралығында Азия чемпионаты өтті. Боз кілемде бақ сынасып, ел намысын қорғаған спортшыларымыз олжамен оралды.
Ақтөбе облысының Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің білім алушылары 55, 97 келі салмақта белдескен спортшылар, қос күміс жүлде иегерлері Рахат Бержанов пен Арсен Жұма өз әсерлерімен бөлісті.
Тайландта өткен бұл Азия чемионаты маған мол тәжірбие сыйлап, біліктілігімді арттырды. Барынша мүмкіндігімді көрсетіп, жүлделі болуға тырыстым. Бапкерімнің қолдауы да маған жігер сыйлады. Сондықтан аға бапкер Тукенов Қонысбек Кәрімұлына және осы спорт түріне баулыған Ерлан Мирзақұлов пен Дамир Кульжабевқа зор алғысымды білдіремін. Елімнің, облысымның және ата-анамның үмітін ақтағаныма өте қатты қуаныштымын. Жеңістерім бұнымен тоқтап қалмайды. Алда болатын Әлем чемпионатына қызу дайындық жүргізіп, көк байрағымызды биікте желбіретуге, ел қоржынын еселеуге күш салатын боламын. Әлі де шыңдалып, Қазақстанның намысы үшін аянып қалмаймыз. Тартысты бәсекеде жеңіске жеткен достарымды да шын жүректен құттықтаймын. Қазақстанның көп байрағы тек биікте желбірей берсін!,– дейді Рахат Бержанов.
Жалпы командалық есепте Қазақстан командасы 185 ұпаймен Азия чемпионатының күміс жүлдегер атанды.
Спортшылар нәтижесі мынадай:
55 келі -Жұма Арсен (Ақтөбе облысы) – ІІ орын
60 келі - Айтпеков Айбек (Астана қаласы) – ІІІ| орын;
67 келі- Ашрапов Юсуф (Жамбыл облысы) – І орын;
72 келі - Амангелді Тайыр (Қостанай облысы) – III орын;
77 келі - Сейтқалиев Диас (Абай облысы) – III орын;
82 келі - Жеңіс Ерасыл (Жетісу облысы) – І орын;
87 келі - Қуанышев Бағылан (Астана қаласы) – ІІ орын;
97 келі - Бержанов Рахат (Ақтөбе облысы) – II орын;
130 келі - Узаров Джохар (Шымкент қаласы) – I орын.
Жеңіс тұғырынан көрінген жас спортшыларымызды шын жүректен құттықтаймыз! Ел абыройын асқақтарар намысты жігіттеріміз көп болсын!