Қазақстан ШЫҰ телевизиялық фестиваліне қатысты

Патриот жаршысы
127

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі

16–17 шілде күндері Қытайдың Сиань қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің екінші телевизиялық фестивалі өтті. Ауқымды шараға 19 елдің өкілдері – мүшелер, бақылаушылар мен диалогтық серіктестер, сондай-ақ 300-ге жуық маман, сарапшы және дипломат қатысты.

Қазақстан тарапынан Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов бастаған делегация фестивальге қатысып, ел атынан маңызды бастамалар мен пікірлер ұсынды.

Қанат Ысқақов өз сөзінде ШЫҰ – сенімге, тең құқықтылық пен өзара құрметке, мәдени әралуандылыққа негізделген маңызды халықаралық алаң екенін атап өтті. Ол сондай-ақ медиа саласындағы байланыстарды тереңдету – елдер арасындағы өзара түсіністік пен мәдени ықпалдастықты арттыратынын айтты.

Фестиваль аясында Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік радио және теледидар басқармасы төрағасының орынбасары Донг Синмен арнайы кездесу өтті. Кездесуде Қазақстан мен Қытай арасындағы медиа саласындағы әріптестікті кеңейту, бірлескен жобалар мен тәжірибе алмасу жайы сөз болды.

Фестиваль қорытындысы бойынша 2025 жылы өтетін келесі шараға арналған ортақ декларация қабылданып, бекітілді.

Малика Рүстем
тілші