Қазақстандық оқушылар биологиядан әлемдік додаға аттанды

Оқу-ағарту министрлігі
Филиппиннің Кесон-Сити қаласында биология пәнінен оқушыларға арналған беделді халықаралық олимпиада басталады. Бұл зияткерлік бәсекеде Қазақстанның дарынды жасөспірімдерінен құралған ұлттық құрама ел намысын қорғамақ.
Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл халықаралық олимпиадаға 15 жастан асқан, бірақ 21 жасқа толмаған оқушылар қатыса алады. Қатысушылар теориялық және практикалық кезеңдерде биология ғылымының негізгі бағыттары бойынша білімдерін сынайды. Олимпиада тапсырмалары жасуша және молекулалық биология, өсімдіктер мен жануарлар анатомиясы мен физиологиясы, генетика, этология, экология, эволюция және биосистематика секілді бөлімдерді қамтиды.
Биыл Қазақстан құрамасы келесідей жас дарындардан құралған:
-
Батыр Ержанұлы – Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы;
-
Айғаным Балташова – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
-
Ерсұлтан Қайыркен – Павлодар облысындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы;
-
Әлихан Әшірханов – Алматы қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 8-сынып оқушысы.
Айта кету керек, Халықаралық биология олимпиадасы алғаш рет 1990 жылы Чехословакияда өткен болатын. Қазақстан бұл додаға 1994 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Осы аралықта еліміздің оқушылары 2 алтын, 18 күміс, 52 қола медаль және 12 Құрмет грамотасын иеленіп, білімділіктерін дәлелдеген.
Биылғы олимпиадада да қазақстандық оқушылардың жоғары нәтижеге қол жеткізіп, ел мерейін үстем ететініне сенім мол.