Қазақстандық фильмдер Ресей фестивалінде

Патриот жаршысы
14

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі

2025 жылғы 28 шілдеде Татарстан Республикасының Альметьевск қаласында «Каракуз фильм» халықаралық кинофестивалінің шымылдығы түрілді. Жеті күнге созылатын бұл ауқымды мәдени шараға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия және Ресейдің әр аймағынан 30-дан астам фильм енгізілген.

Фестивальдің ашылу рәсімінде Қазақстаннан ұсынылған «Шатырдағы екеу» фильмі көрсетілді. Картина ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Фильмді фестиваль аясында продюсер Әлия Шәріпбаева таныстырып, көрермендермен шығармашылық кездесу өткізді. Ол түсірілім барысы туралы әңгімелеп, қатысушылар сұрақтарына жауап берді.

«Шатырдағы екеу» – режиссер Гүлшат Смағұлованың дебюттік туындысы. Фильмде тағдыры күрделі Дамир есімді бозбала мен аутизмге шалдыққан жасөспірім Костяның достығы суреттеледі. Картинада инклюзия мәселесі мен ерекше балалардың қоғамға бейімделуі секілді маңызды әлеуметтік тақырыптар қозғалған.

Фестиваль аясында тағы бір қазақстандық туынды – «Қажымұқан» фильмі де көрсетілді. Бұл фильм – әлемдік, кеңестік және ресейлік чемпионаттарда жеңіс тұғырынан көрініп, елуге жуық медаль иеленген әйгілі қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмір жолына арналған. Картина ұлттық рух пен тарихи тұлғаның ерлігін көрерменге ұсынуды мақсат етеді.

Айта кетерлігі, «Каракуз фильм» – көрермендер өзі дауыс беретін ерекше форматтағы фестиваль. Байқау алты негізгі номинацияны қамтиды: «Үздік көркем фильм», «Үздік деректі фильм», «Үздік анимациялық фильм», «Үздік қысқаметражды фильм», «Балалар көзайымы жүлдесі», «Каракуз фильм» Гран-приі және бес арнайы марапат.

Қазақстандық фильмдердің мұндай халықаралық фестивальдерге қатысуы ұлттық кино өнерінің шекара асып, жаһандық деңгейде танылып келе жатқанын дәлелдейді. Бұл – отандық режиссерлер мен продюсерлердің еңбегіне берілген баға және халықаралық мәдени кеңістіктегі жаңа қадам.

Малика Рүстем
тілші