Қауіпсіз балалық шақ

Патриот жаршысы
63

Астана қаласының әкімдігі

Астанада білім беру ұйымдарындағы балалардың қауіпсіздігіне арналған кең ауқымды форум өтті. Іс-шара «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылып, оған педагогтер, ата-аналар, блогерлер, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысты. Форумды Сарайшық ауданының прокуратурасы мен әкімдігі Астана қаласының Білім басқармасымен бірлесе өткізді.

Сарайшық ауданы прокурорының орынбасары Елжан Байдәулет өз сөзінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – прокуратура жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар ол бұл мәселе тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін айтты.

«Егер біз шын мәнінде өзгеріс болуын қаласақ, балалармен бір тілде сөйлесіп, бір-бірімізді тыңдай білуіміз керек», – деді Елжан Байдәулет.

Форум аясында түрлі сала мамандары: республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының сарапшы-психологы Лола Шакимова, Joltap жобасының жетекшісі Дана Жүнісова, «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің елордадағы филиалының басшысы Бекдайыр Күзембай, отбасылық психолог Марат Көшкінбаев, киберқауіпсіздік зерттеушісі Медет Төрин және полиция подполковнигі, есірткі қылмыстарына қарсы күрес басқармасының өкілі Әлия Қибатқызы сөз сөйледі.

Қатысушылар мектептердегі және жалпы білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселелерін, құқықбұзушылықтың алдын алу жолдарын, оқушыларға арналған салауатты орта қалыптастыру тақырыптарын жан-жақты талқылады. Форумда нақты оқиғалар мен өмірлік мысалдарға негізделген тәжірибелік ұсыныстар да айтылды.

Бұл бастама – бала қауіпсіздігіне қоғам болып атсалысудың, бірлесіп әрекет етудің маңызды үлгісі болды.

Малика Рүстем
тілші