Шымкентте Азаматтық форум өтті

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі
2025 жылғы 18 шілдеде Шымкент қаласында орналасқан Qyzgaldaq сарайында XII Азаматтық форум өтті. «Шымкент қаласының тұрақты дамуы: азаматтық қоғам институттарының рөлі» атты тақырып аясында ұйымдастырылған жиын қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылын күшейтуге бағытталды.
Ауқымды форумға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік мекемелер, бизнес өкілдері, БАҚ, жастар ұйымдары мен халықаралық сарапшылар қатысты.
Форум барысында бірнеше панельдік сессиялар өтті. Онда азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын іске асыру жолдары, әлеуметтік әріптестік тетіктері, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар, жастарды қоғамдық бастамаларға тарту, цифрландыру және қоғамдық бақылау мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, ашық пікірталастар мен «ҮЕҰ өмірі - бір сәт бейнеде» атты фотогалерея ұсынылды. Үкіметтік емес ұйымдардың үздік бастамалары мен табысты тәжірибелері де көпшілік назарына ұсынылды.
Форум - мегаполистегі тұрақты дамудың жаңа кезеңін қалыптастыруға, азаматтық қоғам институттары мен билік арасындағы байланыс пен сенімді нығайтуға арналған маңызды алаң болды.