Сынақ су үстінде: десантшылар парашютпен жаттығуда

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі
Талдықорғандағы 18404 әскери бөлімінің сарбаздары әуе-десанттық дайындықтың ең күрделі кезеңдерінің біріне кірісті — суға парашютпен секіру машығын меңгеру.
Жаттығу бағдарламасы жауынгерлердің шұғыл жағдайда суға қону кезіндегі әрекеттерін жетілдіруге бағытталған. Сабақтар барысында десантшылар суға түскен бойда бағытын бағдарлап, өз-өзіне көмек көрсету құралдарын қолдану, сүңгу, жабдықтардан арылу және жағаға шығу тәсілдерін үйреніп жатыр. Мұндай машық әсіресе таулы, орманды және ашық су айдындарында әрекет ететін арнайы бөлімшелер үшін аса қажет.
- Суға парашютпен түсу — үлкен физикалық дайындық пен психологиялық төзімділікті қажет ететін ауыр сынақ. Басты мақсатымыз - сарбаздарды кез келген жағдайда сенімді әрі үйлесімді қимылдауға баулу, - дейді майор, әуе-десанттық техника бойынша аға нұсқаушы Нұржан Тантабаев.
Оқу-жаттығудың шешуші кезеңі - Капшағай су қоймасына практикалық десант түсіру. Бұл жерде сарбаздар ашық су айдынында жауынгерлік жағдайға барынша жақын ортада әрекет етуге машықтанады.
Парашютпен секіру - «қанатты жаяу әскердің» айнымас белгісі. Ол жауынгердің төзімділігін арттырып, жеделдік пен өз күшіне сенімділікті қалыптастырады. Су үстіндегі жаттығулар - сарбаздар үшін мықтылықты шыңдайтын ерекше сынақ.