Қазақстандық оқушылар IMO-2025 олимпиадасынан 6 медальмен оралды

Патриот жаршысы
113

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстандық жас математиктер тағы да әлемдік аренада үздіктер қатарынан көрінді. Аустралияда өткен беделді халықаралық білім бәйгесі - 2025 жылғы Математикадан халықаралық олимпиадада (IMO-2025) ұлттық құрама 4 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды.

Биылғы олимпиадада 112 елден 650-ге жуық дарынды жас математик бақ сынады. Осындай мықтылармен бәсекеде Қазақстан құрамасының нәтижесі – зор жетістік.

Күміс медаль иегерлері:

  • Мирон Юркевич (Haileybury Almaty, 12-сынып, Алматы),

  • Амирлан Аманжолов (Haileybury Almaty, 11-сынып, Алматы),

  • Марғұлан Шарел (Spectrum International School, 11-сынып, Астана),

  • Амир Сахипов (РФММ, 11-сынып, Алматы).

Қола медаль иегерлері:

  • Ерасыл Алтынбек (Nurorda мектебі, 10-сынып, Алматы),

  • Ерқанат Кеншілік («Білім-инновация» лицей-интернаты, 11-сынып, Ақтөбе облысы).

Ұлттық құраманың ғылыми жетекшілері – PhD докторы Асылбек Исахов пен халықаралық олимпиадалар жеңімпазы Канат Сатылханов.

Бұл - еліміздің зияткерлік әлеуетінің айқын дәлелі. Оқушыларымыздың жеңісі — олардың еңбегімен қатар, ұстаздары мен ата-аналарының қолдауының жемісі.

Анықтама: IMO – әлемдегі ең беделді жеті пәндік олимпиаданың бірі. 1959 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл байқауға Қазақстан 1993 жылдан бастап қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық құрама 16 алтын, 55 күміс, 81 қола медаль және 29 құрмет грамотасын иеленген.

Малика Рүстем
тілші