Тоғызқұмалақтан ұлттық құрама алтыннан алқа тақты

Фото: Patriot portaly
Тоғызқұмалақтан ұлттық құрама спортшылары жекелей сында екі алтын,бір күміс, бір қола және командалық есепте алтын жүлдені жеңіп алды. Тоғызқұмалақ спорты бойынша 41 елден 114 қатысушы өзара бақ сынасты.
Әйелдер арасында өткен жарыста:
Алтын жүлде – Мөлдір Серікқызы
Күміс жүлде – Аңсаған Қожанәсіп
Ерлер бойынша:
Алтын жүлде – Бексұлтан Бостандықов
Қола жүлде – Ерсұлтан Әуелбай
«Қазақстанның туын көкте желбіреткеніме қатты қуаныштымын. Әрбір спортшы алтынды мақсат етіп келеді. Бірінші орынды еліміз алғандықтан өзімді де чемпионмын деп есептеймін. Жыл басынан бастап іріктеу кезеңге дайындалдық. Сол кезден бастап көшпенділер ойындарына қызу дайындықты бастап кеттік. Тамызда оқу-жаттығу дайындықтары өтті. Соның арқасында бүгін жеңіс тұғырынан көріндік»,–дейді Аңсаған Қожанәсіп.
«Тоғызқұмалақ жарысынан алтын жүлдеге ие болдым. Басынан алтын аламын деген мақсатпен келдік. Командалық және жекелей түрде де алтын алғанымызға, ел үмітін ақтағанымызға қуаныштымын. Барлық елдің спортшылары тыңғылықты дайындықпен келген. Әсіресе, Қырғыстан, Моңғолия елінің қыздары мықты қарсылас болды», – дейді Мөлдір Серікқызы.
«Ұлттық спортымыздың Олимпиадасы ретінде өтіп жатқан үлкен іс-шара. Қазақстанның намысын қорғап қатысқаныма қуаныштымын. Жарыс өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Тек Азия елдері ғана емес, Европа, Америка , Колумбия, Чехия секілді мемлекеттердің спортшылары жақсы дайындалып келген. Осылайша ұлттық спортымыздың дамып жатқанына ризамын. Басты қарсыластар ретінде Қырғызстан, Чехия, Колумбия мемлекеттері болды деп айта аламын. Соған қарамастан көк байрағымыз биікте желбіреп, әнұранымыз шырқалды»,–дейді алтын медаль иегері Бексұлтан Бостандықов.