«Елорда жастары» – баспанаға бастар жол

Астана қаласының әкімдігі
Астанада 2019 жылдан бері іске асып келе жатқан «Елорда жастары» бағдарламасы жүздеген жасқа пәтер алуға мүмкіндік беріп отыр. Солардың бірі – медицина саласында қызмет ететін Алмас Асқаров отбасы. Ол бұл бағдарлама арқылы қалай баспаналы болғанын айтып берді.
«2019 жылы жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы пәтер бағдарламасына қатысып, бес жыл бойы ай сайын небәрі 7500 теңге төлеп тұрдық. Сол аралықта өз үйімізге бастапқы жарна жинауға мүмкіндік туды. Бұл біз үшін үлкен қолдау болды», – дейді Алмас Мұратұлы.
Бағдарлама мерзімі аяқталған соң, отбасы «Отбасы банкі» арқылы жеңілдетілген ипотека рәсімдеп, Есілдің сол жағалауынан 1 бөлмелі пәтер сатып алған.
«Биыл наурызда жаңа баспанамызға көштік. Бұл – жастар үшін таптырмас мүмкіндік. Бағдарламаның шарттары жеңіл әрі болашаққа нақты жоспар құруға көмектеседі», – дейді ол.
Сатып алған үйлерінің бағасы – 20 млн теңге. Алмас бастапқы жарна ретінде 10 пайыз, яғни 2 млн теңге салып, ипотека рәсімдеген.
Айта кетейік, «Елорда жастары» бағдарламасы бойынша пәтер құны 20 млн теңгеге дейін, бастапқы жарнасы 10%, ал несие жылдық 5% мөлшерінде беріледі. Қатысушылар баспананы жаңа, ескі немесе салынып жатқан үйден де таңдай алады.