Әлемі ерек Әдемі

Патриот жаршысы
1289

Ұлтты сүю–құрсақта құндақталып жатқан кезден-ақ ананың ақ сүтімен бойға даритын өмірлік құндылық.Оны кейбірі елге тигізер адал еңбегімен көрсетсе, кейбіреуі  ән-жырымен, байрақты бәсекедегі жеңісімен паш етіп жатады. Ал, әлеуметтік желіде отансүйгіштігімен көзге түскен Әдемі Рауанқызының жөні тым бөлек. Қазақтың ұлттық рәміздерін жоғары бағалап, елін жақсы көретін  жас патриот халықтың ризашылығына бөленіп, үлкенге де, кішіге де үлгі бола білді. Осындай перзентті дүниеге әкелген  анасы Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, бірнеше жыр кітаптарының авторы Айзада Рақымжановамен сұқбаттасуды жөн көрдік.

Әдемі Рауанқызы қазір  7 жаста. Анасының айтуынша, ол ерекше балалар қатарында яғни, аутизм деген диагнозы бар. Екі жасында диагнозы белгілі болғаннан бері Әдемі түрлі түзету сабақтарына қатысып жүр. Бүгінде талантты қыз жүзуге, жаттығу сабақтарына, логопед, дефектолог, психолог секілді мамандардың қабылдауына барады. Әлі сөйлемесе де 2 жасында-ақ орыс, ағылшын әріптерін еш қатесіз жазып, сандар мен түстерді ажырата білген зерек қыз көпшілікті сүйсіндірді.

                            

«Аутизм–баланың ми құрылымының, қоршаған ортамен өзара әрекеттесуінің бұзылуы. Сол үшін ол басқа балалар секілді өзге балалармен ойнамайды. Өзге адамдармен қарым-қатынасқа түсуге қиналады. Өзінің жеке бөлек әлемі бар. Сол әлемінде жалғыз  жүргенді жақсы көреді. Балабақшадан келе сала қалам-қағазына жүгіріп, түрлі суреттер салып, қағаздарды қиып неше түрлі дүниелер жасайды. Өзінің жанын сол арқылы тыныштандырады. Басында бұл диагнозды әр ана бірден қабылдай алмайтыны сөзсіз. Әрине, қиналдым, жыладым. Әлеуметтік желіде белсенді болсам да, ешкімге бұл туралы тіс жарып айтқым келмеді. Одан кейін жәй-жәй баланың күнделікті жасаған қолөнерлерін, салған суреттерін көрсетіп сала бастадым. Сол арқылы оқырмандардың балаға деген қатты қызығушылығын байқай бастадым».

Әдемілікке жаны құштар Әдемінің қызығушылықтары өте көп. 

«Әдемінің сурет салуға деген ерекше қызығушылығы бар. Бір  көрген суретін ешқайда қарамастан бір реттен  айна қатесіз  қағаз бетіне түсіріп бере алады. 2-3 жасынан бастап әнұранды өте қатты жақсы көреді. Аутист балалардың ерекшелігі ме әлде менің баламның ба қолынан қазақтың көк туын тастамай жүретін болды. Қолы қалт етсе қарындаштарының ішінен  көк түс пен сары түсті іздеп, бірден қағазға  еліміздің көк туының суретін салады. Одан бөлек, ермексазбен түрлі мультфильм кейіпкерлерінің бейнесін әдемі етіп жасайды. Сөйлемесе де ыңылдап әнге қосылып, ән тыңдағанда қатты жақсы көреді. Ас үйге де икемі бар. Өзі тәтті бәліштер, торттар пісіргенді ұнатады»,– дейді анасы.

 Анасының айтуынша, әлеуметтік желіде бұндай қолдауға ие  боламыз деп ойламаған.

«Неге бұл видеоны рилсқа салмайсыз?»,–деп жас қыздар өтініш жасады. Сөйтіп, тәуекел деп бір видеосын рилсқа сала салған едім, өте қарқынды қаралым жинап кетті. Бір күнде 1млн, екі күнде 2 млн, үш күнде 3млн қаралым болды. Желіге жүктер алдында мұндай қаралым жинап үлгереді деп  мүлде ойлаған жоқпын. Содан кейін осындай балалардың ерекшелігі, зеректігі мен қабілеті халықтың арасында қызығушылық тудыратынын түсіндім»,– дейді.

Баланың бойындағы құндылықтар ананың сүтімен, әкенің қанымен даритыны сөзсіз. Әдемінің суретшілік өнері әкесіне тартқан. Әдемінің ата-анасы бір салада жүрген шығармашылық адамдары екен. Екеуі де Жазушылар Одағының мүшесі, бірнеше жыр жинақтарының  авторлары.

«Әдемі жатырда болған кезде әкесі екеуміз поэзия кештеріне, шығармашылық, рухани жиындарға барып, кештерде ән тыңдағанды жанымыз сүйетін. Сондай бір кештердің бірі– Қарағанды қаласындағы саябақта болды. Қазақтың маңдайына біткен әнші, композитор  марқұм Ескендір Хасанғалиев ән айтып жатқан кезде жатырдағы баламның бүлк еткенін байқаған едім. Содан да болар, Әдемі Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін ерекше жақсы көреді. Үйге келе сала теледидардан патриоттық әндерді қосуымды өтінеді. Оның ішінде Әнұранды, Димаштың орындауын қатты ұнатады. Бірнеше рет қосып, қолын жүрек тұсына қойып тұрып әсерлене тыңдайды».

Айзада Бүркітқызы патриотизмге баулуда ата-ананың тигізер үлесі зор дейді.

«Бала істегенді істемейді, бала көргенді істейді»,–дейді. Сондықтан бала көзбен қабылдайды, көзбен жақсы көреді, көзбен көргендерін ғана істейді дегенге қатты сенемін. Ең бірінші ата-ана өзінің іс-әрекетімен отанын, елін  сүйетінін көрсете білу керек деп есептеймін. Үйге кішкентай кезінен балаларға әртүрлі суреттері бар  қызықты кітаптар алуға тырысамын. Мені бұрын қазақ тіліндегі балалар кітаптарының жоқтығы қатты қынжылтатын. Ал қазір қуанышымызға орай  балалардың әртүрлі кітаптары жарық көріп келе жатыр. Балалар жазушылары мен ақындары да көбеюде. «Балалар жылы» деп жариялаған соң қолдау жоғары болды деп есептеймін»,–дейді Айзада ханым.

Егер баланыңыз ерекше балалар қатарында болса, Әдемінің анасы айтқан кеңестерді оқи отырыңыз.

«Осындай аутист балалары бар ата-аналарға үндеу жасағым келеді. Көп ата-ана баланының диагнозын еркелік немесе мойындағысы келмейді. Бірақ, шын мәнінде осындай диагнозы бар бала болса ата-анаға ертерек қимылдап, әрекетке көшу керек.  Ең бастысы – баланың бойындағы қабілеттері мен қызығушылығын көре білу қажет. Және оны шыңдау үшін күш салған дұрыс деп ойлаймын»,– дейді жас патриоттың анасы.

 Қазақстанның жарқын болашағы Әдемі секілді жас патриоттардың арқасында жарқырай беретіні сөзсіз. Осындай елін, жерін, ұлтын сүйетін өскелең ұрпақтың бары көңіл қуантады. Болашақта оның ел бағына жаралған өжет қыз болып, ата-анасының тіпті, қазақтың мақтанышына  айналарына сеніміміз кәміл. Осындай  Елтаңбасын елдігім, Көк байрағын бақытым, Әнұранын киелі санайтын перзенттеріміз көп болсын! Әдемінің әдемі әлемі әрлене берсін деп тілек білдіреміз! 

 

 

Дариға Нысанқұл