Асқақтай бер, Көк байрақ!

Патриот жаршысы
233

Фото Ақорда ресми сайтынан

Бүгін Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күні. Мерекеге орай елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде Мемлекеттік туды көтеру рәсіміне қатысты. Салтанатты жиын Құрмет қарауылы ротасының Мемлекет басшысына рапорты берілгеннен кейін елдігіміздің нышаны әнұран шырқалып, көк туымыз көтерілді.

Президент жиналғандарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл еліміздің нығаюына ықпал ететін мереке екенін атап өтті. Ол Мемлекеттік рәміздер негізгі құндылықтар мен идеалдарды жеткізетінін, әрқайсымызға еліміз үшін шынайы мақтаныш сезімін шабыттандыратынын жеткізді. Сондай-ақ, мемлекеттік рәміздер барлық азаматтарды қиын да, қуанышты уақытта біріктіретінін атап өтті.

Салтанатты рәсімде жоғары әскери оқу орындарының үздік 12 түлегі ҚР ҚК Жоғары Бас қолбасшысының қолынан офицерлік шен алды. Президент Мемлекеттік Рәміздер күнінде әскери шен беру жақсы дәстүрге айналғанын сөз етіп, жас сардарлар Отанды қорғауды өздерінің өмірлік мақсаты ретінде таңдағанын баса айтты. Ол өз сөзінде: «Ер азамат үшін елдің тыныштығын қорғау – асыл міндет. Әскери атаққа ие болу – үлкен жауапкершілік жүктейтін әр жауынгердің өміріндегі маңызды қадам. Әрқашан антқа адал болыңыздар және елдің шекарасын абыроймен қорғаңыздар», – деп сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бейбіт мемлекет ретінде әрқашан бейбітшілік пен келісімді бірінші орынға қоятынын және барлық елдермен достық қарым-қатынасты қолдайтынын қалыс қалдырмады. Ол Мемлекеттік Ту – біздің тәуелсіздігіміз бен бірлігіміздің символы екенін нық жеткізді.

Іс-шара соңында Құрмет қарауыл ротасы қонақтар алдында сап түзеді. Айта кетерлігі, салтанатты рәсімге мемлекеттік қайраткерлері, депутаттар, әскери оқу орындарының курсанттары және олардың туыстары қатысты.

Біржан Қабдрашев
Тілші