Ақтөбеде ұлттық өнер мен Астана рухы тоғысқан кеш өтті

Патриот жаршысы
47

Ақтөбе облысының әкімдігі

6 шілде күні Ақтөбе қаласында ерекше мерекелік кеш өтті. «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы аумағында өткен «Қазағымның үнісің сен, домбыра» атты кең көлемді концерттік бағдарлама Ұлттық домбыра күні мен Астана күніне арналды.

Кеш көрермен жиналған сәттен бастап ұлттық нақыштағы әуендермен әрленіп, дәстүрлі өнер мен заманауи бағытты тоғыстырған мазмұнды концертке ұласты.

Шара шымылдығын Ахмет Жұбанов атындағы Қазақ халық аспаптары оркестрі мен 200 домбырашының орындауындағы «Алаш аманаты» күйі ашты. Оркестрге «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Мадина Қабижанова жетекшілік етті.

Концерт барысында «Абай» операсындағы «Тойбастар», «Біржан мен Сара айтысы», «Күй тартыс», «Асау Барақ» сынды ұлттық сазды шығармалар орындалып, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.

Сахна төрінде дәстүрлі ән өнерінің шеберлері – Нұрлан Әбдібеков, Динара Шынарбаева, Ғазиза Әбдірова және талантты жас орындаушылар өнер көрсетті. Сонымен қатар, этно-фьюжн мен эстрадалық бағыттағы ән-күйлер де кешке ерекше әр берді.

Астана күніне арналған бөлімде елімізге танымал композиторлар Төлеген Мұхамеджанов, Ертай Ашықбаев, Бейбіт Оралұлы және Ілияс Байбосыновтың шығармалары шырқалды. Би өнерін «Аққу» би ансамблі мен «Әлия гүлі» ұжымы сахналық көрініспен толықтырды.

Малика Рүстем
тілші