"Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет ет!"

Патриот жаршысы
109

egemen.kz

Тәуелсіздік деген сөзді естіген сәтте жүрек дүрсіл қағып, көз алдыңнан сан алуан елестер сырғып өтеді. Ол – көк аспанда еркін қалықтаған қыран, бейбіт күннің шуағына шомылған шаңырақ, жүректе орныққан тыныштық пен сенім. Қазақ елі тәуелсіздікке оңай жеткен жоқ. Бұл ұлы мұрат ерен еңбекпен, төгілген қанмен, шыдам мен төзімнің арқасында келді. Біз бұл жолдың қиындығын, ауыртпалығын елемей, бүгінгі бейбіт тірлікке үйреніп кеткендейміз. Бірақ, өткенді ұмытсақ, бүгінгі күннің қадірін түсінбей қаламыз.

Қазақ халқының тарихы — азап пен арпалыстың, аштық пен соғыстың, көз жасы мен қайсарлықтың шежіресі. ХХ ғасыр – халқымыз үшін ең ауыр сынақтармен өрілген кезең. Ашаршылық, қуғын-сүргін, алапат соғыстар — осының бәрі халқымыздың жүрегіне жазылмас із қалдырды. Дегенмен, дәл осы қасіретке толы күндер бізді бірлікке ұйыстырды, рухымызды бекемдеді. Мен өз еліммен мақтанамын. Бұл мақтаныш құр сөз емес, жүректен қайнап шыққан оттай ыстық сезім. Туған жердің топырағын құшырлана иіскеп, оның әр тал шөбіне құрметпен қараймын. Мүмкін, бұл — тәуелсіздіктің нағыз қадірін жүрекпен сезінуден туатын шексіз махаббат шығар...

Тәуелсіздік — ұлттың рухы, дәстүрдің тірегі, тілдің демі, халықтың үміті. Әр халықтың жүрегінде арман бар. Қазақ халқы сол арманға жетті. Бірақ сол арманды сақтап қалу — бізге жүктелген қасиетті міндет. "Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді" деген терең мәнді сөз бар. Бұл — тек ұран емес, өмірлік қағида. Өткеніміз – бізге сабақ, ал бүгініміз – жауапкершілік. Ұлттың рухани болмысын сақтау – әр қазақтың борышы.

Бүгінгі азат елімізде қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде мойындалды. Жаңа Конституция қабылданды. Тәуелсіз Қазақстанның айшықты рәміздері бекітілді. Халық алғаш рет демократиялық жолмен өз таңдауын жасады. Бұның бәрі — ел тарихындағы ұлы бетбұрыс. Дегенмен, сол тілдің, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтардың қадіріне жете алып жүрміз бе? Осы сұрақ мені күн сайын ойға жетелейді. Себебі тіл жоғалса — ұлт жойылады, рух өшеді. Біз тек материалдық емес, рухани тәуелсіздікке де ұмтылуымыз керек.

Қазір еліміз еркін мемлекет ретінде алға жылжып келеді. Тәуелсіздік алу – мәреге жету емес, үлкен жауапкершіліктің басталуы. Алдымызда тұрған міндет — сол азаттықты баянды ету. Бұл – жалғыз мемлекет басшыларының ғана емес, әрбір азаматтың, әрбір жас ұрпақтың парызы. Үміт бар. Сол үміттің отын сөндірмей, лап еткізу — біздің қолымызда. Бұл жерде тек ел үшін емес, туған жер мен ата-баба рухы үшін еңбек ету қажет. Жер-Ананың үнін тыңдай білейік. Себебі ол үн — тарихтың, рухтың және болашақтың үнсіз тілегі.

 Тарихтан тағылым алып, болашаққа айқын бағытпен бет түзеу — әр ұрпақтың қасиетті мұраты. Бүгінгі тыныштық пен бейбіт өмірді қадірлей отырып, ертеңімізге нық қадам жасауымыз қажет.

Бауыржан Момышұлының: «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет ет!» деген сөзі – ұрпаққа қалдырылған асыл аманат. Осы сөзді жүрекке жазып, елдің ертеңі үшін аянбай еңбек етейік.

Әсел Сүлеймен