ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

Патриот жаршысы
37

egemen.kz

Қара жердің қақ жүрегінен жаралған, тағдырдың дауылынан қаймықпаған, ұлттың азаттығын өмірінің бар мағынасына айналдырған тұлғалар болады. Сондай алыптардың бірі де бірегейі - Мұстафа Шоқай. Ол - түркі әлемінің темірқазығы, азаттық үшін атой салған рухтың символы, халқының мұңын арқалап, қайғысын көтеріп өткен тұлға. Бүгінгі ұрпақ үшін ол – шегеленген есім, шоқтығы биік шынар, ұлтқа қызмет етудің өлшемі.

Мұстафа Шоқайдың тағдыры пешенесіне Тұран жүгін көтеріп жүру үшін жазылғандай. Сыр бойындағы Наршоқының жұпар ауасы мен боз даласының самалында өскен баланың бойына елшілдік қасиет бесіктен дарыды. Атасы Торғай датқа жинаған қолжазбалар мен әкесі Шоқай бидің әділетке суарылған сөздері оны ерте есейтті. Тума дарын, жүрек сергектігімен озып туған Мұстафа - білімге сусап өскен дала баласы. Әлихан Бөкейхан сынды ұлт көсемі Шоқайды саясат сахнасына жетелеп, оны ел мұратына адал қызмет етуге баулыды. Сол кезден бастап Мұстафа - қазақтың ғана емес, күллі түркі халықтарының үніне айналды. Ол Алаш идеясының шын жанашыры, Түркістан автономиясының алдыңғы шебіндегі қайраткер болды. Оның есімімен байланысты Қоқан автономиясы - отарлық бұғаудан босаудың алғашқы қадамы еді. Сол автономияның төрағасы ретінде ол парасат пен табандылықтың биігін көрсетті.

Қылышынан қан тамған кеңес өкіметі оның басына бір миллион рубль тіккен кезде, Мұстафа елден жырақ кетуге мәжбүр болды. Бірақ бұл қашу емес еді - бұл рухтың жаңа майданына өту болатын. Париж көшелерінде жүрсе де, оның жүрегі Сыр бойында соғып тұрды. Эмиграция - оған бейқам өмір сыйлаған жоқ, қайта күреске шақырды. Ол «Яш Түркістан» журналын шығарып, үнін көк аспанға көтерді. Түркістандағы түнекті тіршілікті Батыс әлеміне паш етті. Шоқай - Еуропада отырып-ақ, Еуразияның тағдырына араласқан адам. Германия, Англия, Франция сынды алпауыт елдердің мінберлерінен «біз – бодан емеспіз!» деп жар салған жанкешті рух. 

Мұстафа Шоқайдың идеялары бүгінгі күнге дейін өзектілігін жойған емес. «Ұлттық рухсыз ұлт - тәуелсіз бола алмайды» деген сөзі - қазір де санада жаңғырып тұр. Ол руға, жүзге бөлінуді «халықты аздыратын індет» деп таныды. Оның «қазақ – біртұтас ұлт» деген тұжырымын қазіргідей аласапыран шақта ту етіп көтеру - ұлттың ішкі тұтастығына тірек болмақ. Төлқұжаттың емес, рухтың кім екеніңді анықтайтынын айтқан. Бүгінгі жаһандану заманында өз болмысын ұмытқан ұрпаққа бұл - рухани серпіліс. Мұстафа - өзінің ғана емес, күллі түркі жұртының «менін» іздеген адам. 

Шоқай - өткеннің шежіресі емес, болашақтың бағдаршамы. Оның өр мінезі мен өрелі ойлары - бүгінде де елге ескерту, ұрпаққа өнеге. Ұлт азаттығы жолында жанын қиған Мұстафаны ұлықтау - тек тарихты тану емес, болашағымызды бағалау.

Мұстафа Шоқай деген - ұмытылмас есім. Мұстафа Шоқай деген - өр рух. Мұстафа Шоқай деген - мәңгілік миссия.

Малика Рүстем
тілші