Көктал саябағындағы ашық жаттығулар

Астана қаласының әкімдігі
Астанада жаз бойы демалыс күндері қала тұрғындары мен қонақтары таза ауада спортпен шұғылдана алады. «Көктал» саябағында ашық аспан астында тегін спорттық-сауықтыру жаттығулары өтеді. Бұл шара «Астана – есірткісіз қала» акциясы және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылуда.
Жобаны Сарыарқа ауданының әкімдігі мен Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы FitArenaWinox фитнес клубының қолдауымен жүзеге асырып отыр.
Полиция департаментінің аға жедел уәкілі Дамир Байбазаровтың айтуынша, бұл бастама халықаралық нашақорлықпен күрес күніне орайластырылған.
– Мақсатымыз – жастарды спортқа баулу, салауатты өмір салтын насихаттау. Жастар – ел болашағы. Сондықтан оларды есірткіден қорғау – біздің ортақ міндетіміз, – дейді ол.
Ашық жаттығулар әр сенбі және жексенбі күндері өтеді. Қатысу – тегін. Жаттығулар барлығына қолжетімді, ешқандай арнайы дайындықты қажет етпейді. Ұзақтығы – 1-1,5 сағат. Жаттығуларды кәсіби мамандар жүргізеді.
FitArenaWinox фитнес клубының директоры Богдан Филихин бұл жобаның кез келген адам үшін ашық екенін атап өтті:
– Арнайы құрал-жабдықтың қажеті жоқ. Тек ниет болса болғаны. Таңертең тұрып, осында келсеңіз жеткілікті. Қатысушылар санына шектеу қойылмайды, – деді ол.
Жаттығуларға тұрақты қатысып жүрген қала тұрғыны Мөлдір Нұрпейісова бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай шаралар салауатты өмір салтын дәріптеп қана қоймай, жастарды есірткіден сақтандыруға жол ашады.
– Балалар мен жасөспірімдер есірткінің қаншалықты зиян екенін толық түсіне бермейді. Сондықтан оларға сөзбен емес, үлгімен көрсету маңызды. Мұндай шаралар осыған үлкен ықпал етеді, – дейді ол.
Ашық жаттығулар – тек спорт қана емес, қоғамдағы маңызды мәселелерге бейжай қарамай, салауатты өмірге ұмтылудың жарқын жолы.