Теңге ілуге қатысатын қазақстандық спортшылар анықталды

Патриот жаршысы
57

Теңге ілуден ҚР ұлттық құрамасы, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын үш үздік спортшыны анықтады.

«Іріктеу сайыстарының нәтижесінде 3 стиль бойынша 3 үздік спортшыны анықтадық. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында сайыстың барлық түрінен алтын иеленеміз деген сенім бар. Ол үшін бар мүмкіндігімізді пайдаланамыз», - деді ҚР Ұлттық және ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нұркен Байбөриев. 

Еліміздің ең үздік 6 теңге ілушісі Көшпенділер ойындарына тікелей жолдама беретін 3 орынды сарапқа салып, іріктеу ойындарына қатысты.

Спортшыларымыз «Қос құлаш», «Бес белес», «Жеті құт» стилдері бойынша бақ сынады. Қорытындылай келе, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын келесі спортшылар қорғайды:

«Бес белес» стилінен Бекнұр Серіков;

«Жеті құт» стилі бойынша Бақыт Төлтай;

«Қос құлаш» стилінен Рахат Қамбаров.

Бақыт Төлтай, Теңге ілуден ұлттық құрама мүшесі:

Ауылда атқа мініп өскенбіз, көкпар шапқанбыз. Одан соң өзіне ыңғайлысы болғаннан кейін осы теңге ілуді таңдадым. Көшпенділер ойындарын күтіпа жргенімізге біраз уақыт болды. Осы ойында Қазақстанымыздың намысын қорғап, бірінші орын алуға тырысамыз.

 Айта кетейік, теңге ілуден V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдындағы қорытынды оқу-жаттығу жиыны 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астанада болады. Оқу-жаттығу жиындарын ҚР Туризм және спорт министрлігінің Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы ұйымдастырып отыр. Ал V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында теңге ілу бойынша жарыстар 11-13 қыркүйек аралығында Этноауыл аумағында өтеді.

Редакция
Patriot Portaly