КЕМЕЛДІК КІМГЕ БҰЙЫРАДЫ?

Патриот жаршысы
63

Фото: asia24.media

Абай ілімі – қазақ руханиятының терең арнасы. Ол адам болмысының мәнін, тұлға қалыптасуының жолын көрсеткен ұлы ойшыл. Оның шығармаларында «толық адам» ұғымы – кемелдікке бастар ең биік рухани меженің бірі ретінде сипатталады. Бұл ұғым жай ғана мінсіздік емес, ішкі тазалық, ақыл мен жүректің, қайрат пен ниеттің жарасымды үндестігі. Сол себепті «Абай айтқан кемелдікке жеткен адам бар ма?» деген сауал – мәні терең, жауабы күрделі мәселе.

Абай толық адам болудың шартын үш қасиетке негіздейді: ақыл, қайрат және жүрек. Осы үшеуінің теңгерімі арқылы ғана адам шынайы кемелдікке қол жеткізе алады. Ақыл – тура жолды айқындайтын бағдар, қайрат – сол жолда тайсалмай әрекет етуге жетелейтін күш, ал жүрек – мейірім мен адамгершілікке толы ішкі іргетас. Бұл қасиеттер бір-бірінен ажыраса, адам адасады. Сол себепті ақыл мен жүрек бірікпей, қайрат жалғыз өзінен нәтиже бермейді. Абай осы үйлесімділік арқылы адамгершілік пен әділет жолын ұсынды. Абай заманында да, бүгінгі күнде де бұл өлшемге сай келетін адам сирек. Өйткені кемелдік – табиғи күй емес, үздіксіз ізденіс пен өзін-өзі танудың нәтижесі. Адамның ішкі болмысы үнемі күресте болады: нәпсі мен сана, пайда мен ар, шындық пен жалған үнемі тартыста. Осындай күресте өз болмысын жеңіп, адамдық қасиетін жоғалтпаған жан ғана кемелдікке бір табан жақындайды.

Тарихта елге қызмет еткен, халқының жүгін арқалаған, рухани биігімен танылған тұлғалар бар. Олардың қатарында Алаш қайраткерлерін, ұлт зиялыларын, ойшыл ақын-жазушыларды атауға болады. Олар Абай ұсынған жолдың жүгін шынайы сезінді, өз өмірін соған арнады. Бірақ толық кемелдікке жетті деу қиын. Себебі адам болмысы – шексіз. Адам бойындағы ізгілік пен әлсіздік қатар жүреді. Сондықтан кемелдік – нақты бір сәт емес, өмір бойғы рухани қозғалыс.

Бүгінгі қоғамда да Абайдың ілімі өзектілігін жойған жоқ. Керісінше, моральдық құндылықтар дағдарысқа ұшыраған заманда «толық адам» идеясы – рухани бағдар ретінде ерекше маңызды. Ақпарат тасқыны мен жасандылық көбейген уақытта ішкі тұтастықты сақтау – үлкен ерлік. Абай ұсынған үш қасиетті бойына сіңіріп, соған сай өмір сүре алған адам – шынайы кемел жанның бейнесі.

Қорыта айтсам, Абай айтқан кемелдік – қол жетпес қиял емес, өмір бойы ұмтылатын бағыт. Ондай деңгейге жеткен адамды дөп басып айту қиын, алайда сол жолда шын ізденген, адамдық қасиеттерін сақтап қалған жан – Абай армандаған тұлғаға жақын. Демек, кемелдік – мәреге жету емес, сол жолдағы адал сапар. Ал бұл сапар – әр адамның өз қолында.

Айзере Алиева