«Бір толқында»: ШҚО-да жастардың саяси лагері өтті

Патриот жаршысы
34

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі

Шығыс Қазақстанның көрікті мекені - Горная Ульбинка ауылында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 500-ге жуық жас «Жастар Рухы» республикалық саяси лагерінің «Бір толқында» атты диалог алаңында бас қосты.

Ауқымды шараға ҚР Мәжілісінің төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Бүгінде «Жастар Рухы» - еліміздегі ең ірі жастар ұйымы. Құрамында 100 мыңға жуық жас бар бұл ұйым тұрақты түрде ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылайтын алаңға айналған. Биылғы лагерь Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өтті. Оған 200-ден аса жас инженерлер, шахтерлер, металлургтер, көшбасшылар, депутаттар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Ерлан Қошанов өз сөзінде Президент белгілеп берген үш құндылық - білім, еңбек және отансүйгіштік жаңа буынның басты бағдары екенін атап өтті. Сонымен қатар, «Жұмысшы жастар аманаты» жобасының іске қосылып жатқанын жеткізді. Жоба аясында жастардың әлеуметтік жағдайы мен тұрғын үй мәселесін шешуге басымдық берілмек.

Мәжіліс спикері жұмысшы жастар арасынан болашағы зор көшбасшыларды анықтап, оларды партиялық резервке, мемлекеттік қызметке және жауапты лауазымдарға ұсыну қажеттігін айтты.

«Жастар Рухының» белсенділері қоғамдағы лудомания, нашақорлық, қарызға белшеден бату, жұмыссыздық сияқты мәселелерді үнемі көтеріп, нақты шешу жолдарын ұсынып келеді. Олар экологиялық «Таза Қазақстан» бастамасы мен АЭС салу жобасына да қолдау білдірді.

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл лагерьдің жастардың елдік істерге белсене араласуына үлкен серпін беретінін айтты. Оның пікірінше, жастар - ел дамуының басты күші.

Лагерь аясында әр өңірден келген делегаттар ұсыныс-пікірлерін білдірді. Мәселен, Риддер қаласынан келген гидрометаллург Ольга Ушакова мектептерде кәсіптік бағдар беруді күшейту қажеттігін көтерді.

7-10 шілде аралығында өткен лагерьде түрлі семинарлар, тренингтер, өзекті тақырыптар бойынша пікірталастар, тәжірибе алмасу сессиялары және «Алтай-2025» этнофестивалі ұйымдастырылды.

Малика Рүстем
тілші