Bollywood Қазақстанға келеді: Үндістандық продюсерлер Алматы өңірінде фильм түсіруге ниетті
Фото: Алматы қаласының туризм басқармасы
Үндістанның киноөндірушілері Қазақстанның табиғаты мен туристік әлеуетіне ерекше қызығушылық білдірді. Келесі жылы түсірілетін алғашқы бірлескен жобаға Алматы өңірі таңдалуда. Таулар, ашық далалар, табиғи көріністер – шетелдік кинематографистер үшін жаңа оқиғаларға толы кең алаң ашады. Бұл туралы «Kazakh Tourism» ҰК хабарлады.
Үндістанда өткен 55-ші IFFI халықаралық кинофестивалінде Қазақстан туризмінің медиа-амбассадоры, халықаралық жобалар продюсері Надира Ахонова еліміздің мүмкіндіктерін таныстырды. Шет елден келген режиссерлер мен студиялардың өкілдеріне Қазақстандағы табиғи және туристік нысандар ұсынылып, кино түсіруге қолайлы бағыттар ұсынылды.
Надира Ахонованың айтуынша, қазір шетелдік студиялармен келіссөздер қарқынды жүріп жатыр. Үндістандық кинокомпаниялар Алматыда алдын ала зерттеу жұмыстарын жүргізіп, таулы және далалы аймақтарды қарастырған. Сондай-ақ отандық мамандар қатысатын шығармашылық топты жасақтау басталыпты. Бұл бастама Қазақстанның туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, мәдени және шығармашылық байланыстарды тереңдететін жаңа кезеңге жол ашады.
Болашақ фильм Үндістан көрермендеріне ғана емес, халықаралық аудиторияға да Қазақстанның табиғатын, мәдениеті мен қонақжайлығын жақынырақ тануға мүмкіндік береді. Жобада елдің бірегей келбеті, халықтар арасындағы ынтымақтастық және гуманистік құндылықтар көрініс табады.
Халықаралық түсірілім жұмыстары Қазақстанның креативтік индустриядағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, еліміздің әлемдік киноиндустриядағы орнын күшейтуге ықпал етеді.
Еске сала кетсек, жақында Қазақстан Үндістаннан келетін қысқы туристер үшін танымал бағытқа айналғаны жөнінде мәлімет жарияланған еді.