Қоғамның айнасы - БАҚ мамандары

behance.net
Санаулы ғана әріптен құралған "БАҚ" ұғымының ар жағында тұтас бір қоғамның тамырын тап басып, тынысын дөп жеткізіп жүрген ұлы қызмет иелері тұр. Олар - ақпарат таратушы ғана емес, ұлттың үнін әлемге танытушы, шындықтың шырақшысы, халық пен билік арасын жалғаған көпір. 28 маусым - осындай қастерлі міндетті арқалаған қалам иелерінің кәсіби мерекесі.
Журналист - бейтараптық пен шынайылықты серік еткен жан. Оның сөзінде - салмақ, ойында - ұлт тағдыры. Күнделікті қарбаластың ішінде таңмен таласа жұмысын бастап, ел тынысын ақпаратпен әрлеп, елден бұрын естіп, елмен бірге елжіреп, тіпті кейде ел үшін егіліп, шындықты іздейтін бұл мамандық - жай ғана кәсіп емес, бұл - жүрек таңдаған жол.
Бүгінгі медиа кеңістігінде тілшілер тек газет-журналмен ғана шектелмейді. Радио толқыны мен телеэкранның ар жағында да сол бір жанкешті маманның ізі жатыр. Ғаламтор мен әлеуметтік желіде де ақпараттың ақ-қарасын айырып, оқырманға сенімді мәлімет ұсыну - дәл осы БАҚ қызметкерлерінің миссиясы.
Журналистің бір күні - елдің бір жылдық өміріне татуы мүмкін. Себебі ол - тарихты жазушы, замана жылнамашысы. Қай жерде қиындық, қай жерде қуаныш бар - бәрінде алғаш болып жететін де, жеткізетін де - тілші. Оның бір сұрағы - көптің көкейіндегі түйткіл. Оның бір материалы - бүтін бір тағдырды өзгертуі мүмкін.
Қазақ журналистикасы да қай дәуірде де өр рухтың, биік сөздің мұнарасындай болып келді. Ахмет пен Міржақып салған сара жолды бүгінде заманауи технологиямен қаруланған жас толқын жалғастырып келеді. Ақпарат құралдарының дамуы - елдің өркендеуінің көрінісі. Сол өркендеудің көшін бастап жүрген ардақты жандарға құрмет көрсететін күн - бұл.
Мейлі ол бейнекамераның ар жағында болсын, мейлі микрофон ұстап көшеде жүрсін, болмаса компьютер алдында жазуымен жарысқан қаламгер болсын - әрқайсысы ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген азамат. Қауіп-қатердің бел ортасында жүріп, шындықты табуға тырысатын, мыңдаған ақпарат арасынан маңыздысын іріктеп, жұртқа ұсынатын, қысқасы - уақытпен жарысатын жандар.
Сондықтан 28 маусым - елдің үні мен елдің мұңын жеткізуші, жүрегінде шындық, бойында жауапкершілік бар журналистерге деген құрметтің көрінісі. Бұл - тек кәсіби мереке емес, бұл - қоғам алдындағы адалдық пен әділдікті дәріптейтін күн.
Осы күнде ақпарат майданының алғы шебінде жүрген әріптестерімізге зор денсаулық, шындыққа адалдық, қаламына қуат тілейміз. Қашанда елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, жақсылығын жария етіп, жарқын болашақтың жаршысы болып жүре беріңіздер!
Қалам – халықтың үні, журналист – елдің жүрегі!