Сержанттар корпусына – 29 жыл

Патриот жаршысы
83

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

1 шілде - Қазақстан Қарулы күштерінің сержанттар күні. Осыдан тура 29 жыл бұрын елімізде сержанттар дайындайтын алғашқы оқу орны - Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусы құрылып, бүгінде әскери колледж деңгейіне жетті. Бұл күн - сарбаздар сапында тәртіп пен төзімділікке негіз болатын сержанттардың мерекесі.

Сержанттар - армиядағы басты тірек. Олар сарбаздарды жауынгерлік іс-қимылға үйретіп, рухын көтеріп, бөлімшелер арасындағы үйлесімді байланысты қамтамасыз етеді. Әскери өмірдің күнделікті ырғағы дәл осы кіші командирлердің шеберлігіне тікелей байланысты.

Қазақстанда сержанттар корпусын қалыптастыру жолы бірнеше кезеңге бөлінеді:

1. 1996-2001 жылдары халықаралық тәжірибе негізінде Кадет корпусы құрылды;

2. 2001-2008 жылдары әскери лауазымдар мен сыныптық шендердің жүйесі енгізілді: 3-сыныптыдан бастап «шебер-сержант» деңгейіне дейін;

3. 2008 жылдан бастап сержанттарды көпдеңгейлі даярлау жүйесі іске қосылды;

4. 2012-2016 жылдары сержанттың әскери мәртебесі заңмен бекітіліп, олардың тек басқарушы емес, тәрбиеші және оқытушы ретіндегі рөлі де айқындалды.

Бүгінде ел сержанттары Астанадағы Сағадат Нұрмағамбетов және Щучинсктегі Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждерде оқытылады. Ал биыл Алматыда Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжі ашылып, дене шынықтыру нұсқаушыларын даярлауға бет бұрды.

Қазақстандық сержанттар тек отандық емес, халықаралық аренада да абырой биігінен көрініп жүр. Аризонада өткен жарыста Аслан Дархан 800 метрге жүгіруден рекорд орнатып, Рауан Тоқтарбеков үздік атқыш атанды.

Малика Рүстем
тілші