ASTANA EURASIAN BOOK FAIR – 2025

Патриот жаршысы
45

Кітап – адамзат ойының, руханиятының алтын қазынасы. Ал оны құрметтеу, ұлықтау – парасатты қоғамның басты нышаны. 2025 жылдың 23 сәуірінде Астанадағы Президенттік орталықта өткен ASTANA EURASIAN BOOK FAIR – 2025 халықаралық кітап көрмесі – дәл осы құндылықтарды насихаттаған ерекше мәдени оқиға болды.

Кітап көрмесі Қазақстанда алғаш рет Ұлттық кітап күнімен тұспа-тұс өткізіліп, кітапсүйер қауым үшін тарихи сәтке айналды. Шараның мақсаты – оқырман мен автор, кітап пен баспа арасындағы алтын көпірді нығайту, сондай-ақ әлем әдебиетін Қазақстан оқырманына кеңінен таныстыру. Көрмеге әлемнің түкпір-түкпірінен – Түркия, Ресей, Иран, Қытай, Франция, Жапония сынды елдерден келген беделді баспалар қатысты. Түрлі жанрдағы мыңдаған кітаптар – классикадан заманауи әдебиетке дейін, балалар ертегілерінен ғылыми еңбектерге дейін – көпшілік назарына ұсынылды. Бұл көрме тек кітаптармен танысатын орын ғана емес, мәдениет пен білімнің диалог алаңы болды.

Кітап жәрмеңкесінің шеңберінде бірқатар жаңа кітаптардың тұсаукесері, автограф-сессиялар, әдеби дебаттар мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Отандық жазушылармен қатар шетелдік қаламгерлер де оқырмандармен жүздесіп, шығармашылық әлемдерімен бөлісті. Шара барысында балаларға арналған арнайы алаңдар жұмыс істеді. Онда кішкентай оқырмандар интерактивті оқуларға, сурет салу байқауларына, ертегі терапиясына қатысып, әдебиет әлемін ерте жастан сезініп, тануға мүмкіндік алды.

ASTANA EURASIAN BOOK FAIR – 2025 – бұл жай ғана көрме емес, рухани жаңғырудың айнасы. Кітаптың құндылығын қайта жаңғырту, ұлттың ой-санасын биікке көтеру – осындай мәдени бастамалардың басты миссиясы. Мұндай ауқымды шаралар арқылы Қазақстан халықаралық әдеби кеңістікке өз үнін қосып, әлеммен терезесі тең рухани байланыс орнатуда.

Кітап – уақыт көшінен қалмайтын мәңгілік мұра. Ал осындай көрмелер – сол мұраның жаршысы.

Көрме 23-27 сәуір аралығында өткізіледі.

Малика Рүстем
тілші