Астанада Әлем кубогына дайындық қызу жүріп жатыр

Патриот жаршысы
102

Астана қаласының әкімдігі

Астанада ерлер құрамасының бірінші және екінші нөмірлі боксшылары қатысқан оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Жаттығу жиыны 30 маусымға дейін жалғасады. Бұл – қыркүйекте өтетін әлем чемпионаты алдындағы маңызды дайындық кезеңі.

Жекпе-жек сарайында өтетін World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен болатын халықаралық турнир – Әлем кубогының үшінші кезеңі 30 маусым мен 6 шілде аралығында өтеді.

Жарыс қарсаңында АҚШ, Канада, Франция, Сербия, Финляндия, Швеция, Әзербайжан, Аустралия, Германия елдерінен келген спортшылар біріккен оқу-жаттығу жиынын бастады. Бұл – Қазақстан үшін 2013 жылғы Алматыда өткен әлем чемпионатынан бергі ең ауқымды бокс додасы.

«Астанада соңғы шешуші дайындық кезеңі өтуде. Қазір шетелден келген 80-ге жуық боксшы бар. Олардың қатарында 2021 жылғы әлем чемпионы Робби Гонсалес (АҚШ), 2024 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Билаль Беннама (Франция) секілді танымал есімдер бар. Әлем кубогына қатысатын нақты құрам жаттығу соңында анықталады», – деді Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов.

Қазақстан бұл жарысқа барлығы 20 салмақ дәрежесінде – ерлер мен әйелдер құрамасын толық құрамда қоспақ. Команда қатарында Олимпиада жүлдегерлері мен әлем чемпиондары бар. Ерлер құрамасынан Астана қаласының намысын ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбайлар, сондай-ақ әлем чемпионы Санжар Ташкенбай қорғайды.

Айта кетейік, Әлем кубогының ашылу салтанаты 30 маусым күні сағат 13:00-де өтеді. Ақтық сын 6 шілде күні сағат 14:00-де жоспарланған. Көрермендер үшін кіру — тегін.

Малика Рүстем
тілші