Дрон жарысындағы әлемнің үздік ондығында

Қарағанды облысының әкімдігі
Қарағандылық 12 жастағы Тимофей Муравьев Болгарияның Варна қаласында өткен FAI Еуропалық Әлем кубогінде FPV-дрон ұшқыштары арасында жетінші орын иеленіп, әлемнің үздік он пилотының қатарына енді. Ерекше атап өтерлігі, ол - аталған беделді халықаралық турнирге қатысқан Қазақстан тарихындағы алғашқы дрон ұшқышы.
Дронды басқаруды бала кезден меңгерген Тимофейге бұл өнерді әкесі үйреткен. Жасына қарамастан, ол бірнеше рет республикалық жарыстарға қатысып, үш мәрте Қазақстанның үздік дрон ұшқышы атанған.
FAI Әлем кубогіне Түркия, Франция, Сербия, Қытай мен Болгариядан келген тәжірибелі спортшылар қатысты. Олардың көбі - әлем чемпионы атанған мықтылар. Осындай сайыста қазақстандық жасөспірімнің үздік ондыққа енуі - нағыз жетістік. Алайда жартылай финалда дрон әуеде соқтығысып, пропеллері зақымданғандықтан, Тимофей жарысты жалғастыра алмады.
- Қарсыластарымыздың дені – 18 бен 25 жас аралығындағы кәсіби ұшқыштар. Бірақ Тима оларға бой бермей келеді. Біз жаттығуды тоқтатпаймыз, - дейді Тимофейдің әкесі әрі жаттықтырушысы Сергей Муравьев.
Айта кетейік, бұл жарыстарда қатысушы дронды өз қолымен құрастырып, жарысқа дайындауы тиіс. Мұнда жабдықтың сапасы, винтомотордың дәл бапталуы, электроника мен микробағдарламаның дұрыстығы шешуші рөл атқарады.
FAI турнирінен кейін Тимофей Болгарияның астанасы Софияда өткен MultiGP сериясындағы жазғы іріктеу кезеңіне қатысып, төртінші орынды иеленді. Бұл жарыстың ұпайлары көктемде Алматыда өткен іріктеудің нәтижелерімен бірге есептеледі. Егер қорытынды рейтингте Тимофей әлемнің үздік 150 пилотының қатарына кірсе, биыл күзде АҚШ-тың Майами қаласында өтетін дрон-рейсинг бойынша Әлем чемпионатына жолдама алмақ.