1300-ден аса әскери міндетті қайта даярлықтан өтуде

Патриот жаршысы
89

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

Қарағанды облысындағы «Спасск» оқу-жаттығу орталығында «Астана» өңірлік қолбасшылығы ұйымдастырған ауқымды әскери жиын басталды. Дайындық жұмыстарына Астана қаласы мен Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарынан 1300-ден аса әскери міндетті азаматтар қатысуда.

Жиынның негізгі мақсаты - Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттырып, жұмылдыру резервін қалыптастыру және қазіргі заман талабына сай әскери мамандықтар бойынша қайта даярлау.

Әскери міндеттілер толыққанды әскерилер секілді жабдықталып, тамақпен және медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар жұмыс орындары мен лауазымдары сақталып, орташа жалақысы төленеді. Ал жұмыссыздар үшін мемлекеттен ең төменгі жалақы қарастырылған.

Ақмола облысы Бурабай ауданынан келген Жомарт Жұмабектің айтуынша, жиында бұрынғы машықтарын шыңдап, заманауи қару-жарақ пен техниканың жаңа түрлерін меңгеруге мүмкіндік бар.

30 күнге созылатын дайындық барысында офицерлер - басқару саласы бойынша, ал басқа әскери мамандар - артиллерия, танк, зенит, байланыс және тыл салаларында білімдерін жетілдіреді.

Жиын соңында бөлімшелер, взводтар мен роталар құрамындағы жауынгерлік үйлесімділік тексеріліп, соңғы жылдары Қазақстан армиясында жаңартылған қару-жарақ пен техниканың мүмкіндіктері сыналады.

Малика Рүстем
тілші