Дубайдағы дүбірлі дода: «Сұңқар» тобы алтын алды

Фото: 24kz
Біріккен Араб Әмірліктерінде өтіп жатқан арнайы жасақтар арасындағы әлем біріншілігінде қазақстандық «Сұңқар» командасы төртінші кезеңде де үздік шығып, кезекті алтын медалін жеңіп алды.
Ішкі істер министрлігіне қарасты арнайы жасақ мүшелері берілген тапсырманы небәрі 2 минут 34 секундта орындап, өздерінің шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл жетістік – жарты жылдық қарқынды дайындықтың жемісі.
– Әр сарбаз өз бабында келді, жарысқа тыңғылықты дайындалды. Бұл – жаттығулар мен командалық рухтың арқасы, – дейді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары, Ұлттық ұланның бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков.
Жарыста Қазақстан намысын 12 команда қорғап жатыр. Бұған дейін «Сұңқар» мен «Сардар» командалары да жүлделі орындарға ие болған. Биылғы біріншілікке 50-ге жуық елден 105 команда қатысуда. Былтыр Қазақстан құрамасы жалпы есепте қола жүлдегер атанған еді, ал биылғы мақсат – чемпиондық.