НЕГЕ БІЗ ҚАТЫГЕЗ БОЛЫП БАРАМЫЗ?

Фото Shedevrum.ai
Қазақты адамгершілік биігіне көтерген қасиет – аузынан аспан төгілген шексіз мейірімді жүрек еді. Қазір сол жүректер қара тасқа айналғандай. Суық қара тасқа... Абайдың "Біріңді қазақ, бірің дос көрмесең істің бәрі бос" деген сөзі алыста қалған, үнсіздікке жұтылған жаңғырықтай естіледі. Біз неге қатыгез болдық? Бұл сұрақ санасында сыңылау бар әр жанның жанайқайына айналғандай.
Адам жүрегі — нұрлы әлемнің қақпасы, ал ол қақпа жабылса, қараңғылық басып кетеді. Жан әлемін қараңғылық басады. Жақында Ақтөбеде қаласында болған қылмыс жан дүниені мұздатты. Қандықол қылмыскер бір отбасының тағдырын талқандап, ата-ананы ажалға қиып, 40 жастағы ананы тұтқынға алды. Бір-ақ сәтте отбасылық жылулық тас-талқан болды. Бұл – қазақ қоғамының бетіндегі үлкен жара. Қазақи аураның жазылмас жарақаты.
Қатыгездік – әлсіздіктің көлеңкесі. Мейірімге мүмкіндік бермеген қоғам қатігездікке тұншығады. Бізді бала кезден бауырына басып, құйтықандай құмырсқаның өзін таптатпайтын ұлт еткен қайран асыл жүрек, аңқылдақ көңіл қайда қалған?!
Қанымызға жат, жанымызға бөтен бұл суықтық, қатігез қайырымсыздық қайдан келді?!
Жүрегін қара тасқа айналдырған кісі тек өзінің ғана емес, өзгенің де жарығын сөндіреді.
Күнделікті жаңалықтардың беті қылмысқа толы. Қанмен жазылған тағдырлар хроникасы. Жақсы сөз, жағымды жаңалық естуден қалып барамыз. Бір-біріне қол көтерген жастар, өз баласын өлтірген ата-ана, көршісін тонап кеткен дүниеқоңыз пенде. Біз өзгенің қайғысына көз жұмып үйрендік. Етіміз өліп кетті. Селт етпейтін болып алдық. Адамдар бір-бірінен үрейленіп, ет жақынына сенуден қалды. Қайда кетіп барамыз? Үрей үміт жанын кеміргенде, пенде баласы жанашырлықты тарс ұмытады.
Бүгінгі күннің сұрағы – біз өз жүрегімізді қалай қорғаймыз? Ақтөбедегі қайғылы оқиға – қараңғылықтың бір ғана көрінісі. Бұл жеке адамның кінәсі емес, бүкіл қоғамның бет бейнесі. Біз жауды сырттан іздедік, бірақ оны ішімізден таптық. Қандай зор өкініш!
Қазақтың ең үлкен жауы — өзінің қара тасқа айналып бара жатқан қан жүрегі!
Мейірімді жүрек – қоғамның тірегі. Біз ұлттық болмысымыздан ажырамай, өзімізге қайта оралтуға міндеттіміз. Көшеде қорқынышсыз жүріп, үйдегі есікті құлыптамайтын қайран күндер қайтып келер ме? Оны әрқайсымыздың жүрегіміз шешеді. Кешегі мейірімнің өлуі — бүгінгі қатігездіктің тууы.
Қазаққа тән өр рух мейіріммен ғана сақталады. Жауыздыққа қарсы күрес – заңнан емес, жүректен басталады. Қоғам тас жүрекке айналса, болашағымызды көлеңке басады. Жүрекке мейірім ұялатсақ, қапас қараңғылықты жарыққа айналдыра аламыз.
Мейірім — өркениеттің алтын күмбезі. Ол опырылып түссе, бәріміз үйіндінің астында қаламыз. Қатігездік үйіндісінің астында.
Таңдау бізде. Қатыгездіктің қараңғылығында адасамыз ба, әлде жүрек жарығымен жол табамыз ба? Ұлттың болашағы әр жүректің ішіндегі шексіз мейірімге тәуелді.
Біз неге қатыгез болып барамыз?
Бұл сұрақтың жауабы сыртта емес, әр адамның жүрегінде. Қатыгездік – мейірімнің жоғалуынан емес, оны сезінуге деген ұмтылыстың өшуінен туындайды. Біз өзімізді жоғалтқан сайын, айналамызға суықтық сыйлаймыз. Ал жүректің суығы әлемді қараңғылыққа орайды.
Адамзатты құтқаратын күш – мейірімнің ошағы. Ол өшсе, адамгершіліктің шамы да сөніп, қара түнек қана қалады.